Басты тақырыпСпорт
Қайыңдыда шағын спорт алаңы ашылды
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА «ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ. БАРЛЫҚ ЖАСТАҒЫ ЕЛ АЗАМАТТАРЫ АРАСЫНДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУДЫ ӨРКЕНДЕТУ ІСІ ЖАҢА ЧЕМПИОНДАР ШЫҢЫНА ШЫҒАТЫН ПИРАМИДАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС. БҰЛ САЛАУАТТЫ, ӘРІ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРДЫҢ ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ, ҚУАТТЫ ҰЛТТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ» - ДЕГЕН БОЛАТЫН.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар елімізде соның ішінде соңғы жылдары біздің ауданда да кең өркен жаюда. Оның тағы бір жарқын көрінісі ауданымыздың спорттық нысандар қатарын Қайыңдыдағы шағын спорт алаңы толықтырды.
Аталған шағын спорт алаңы жуырда 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай салтанатты түрде ашылды. 800 шаршы метрді алып жатқан шағын спорт алаңы футбол ойнауға өте ыңғайлы. Алаңның құрылыс жұмыстары сапалы жасалғаны көзге көрініп-ақ тұр. Алаңның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы барша қайыңдылықтарды Конституция күнімен бірге жаңа алаңның ашылуымен құттықтап, осындай ел игілігі үшін ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, Волейболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері Дана Құрманғазинаны, сондай-ақ, жаңа спорт алаңының құрылыс жұмыстарына қол көмектерін беріп, ауылдың өркендеуіне атсалысқан ауыл тұрғындары Ершат Боханов пен Дастан Жаманқұловты, Саға мектеп-балабақшасының кіші қызметкері Дамир Ораловты аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Келесі ретте Конституция күні қарсаңында үлкен қуанышқа кенелген ауылдың әкімі Ырғызбай Қосдәулетов те ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ауыл әкімінің сөзін әрі қарай сабақтаған ауыл ақсақалы Сабырғали Аққожин ауылдастарын спортпен шұғылдануға шақырып, спортқа ұмтылған балаларына ақ батасын берді. Әрі қарай ашық алаң астында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннің тиегін ағытты.
Айта кетсек, ағымдағы жылы дәл осындай шағын спорт алаңдары Екпетал, Көсембай, Құмжарған елді мекендеріне салынып, ауылдағы барша спортсүйер қауымның игілігіне беріледі.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қайыңды-Ойыл.