ОЙЫЛ ӨНЕРПАЗДАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ
Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе – Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылған «Ahash Media» шығармашылық орталығының «Жас Дарын - 2026» республикалық көпжанрлы байқауы жас таланттардың бағын сынап, өнердегі шеберлігін шыңдайтын маңызды алаңға айналды.

Аталған байқау еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі өрендердің басын қосып, олардың тәжірибе алмасуына және шығармашылық байланысын нығайтуға мүмкіндік берді. Осындай ауқымды додада ойылдық өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, аудан мерейін асқақтатты.
Байқау нәтижесінде Ойыл балалар музыка мектебінің «Алақай» балалар хоры І орынды иеленіп, өздерінің вокалдық шеберліктерін дәлелдесе, «Қыл-қобыз» класының оқушысы Құндызай Ғалымқызы ұлттық өнерді дәріптеп, жүлделі І орынды жеңіп алды.
Ал, «Маржан» үлгілі би ансамблі өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп, І және ІІ орындарды қанжығасына байлады. Ансамбль байқауда «Шашу», «Тойбастар», «Ақбаян», «Құстар» билерін сахналап, ұлттық нақыш пен заманауи үйлесімді шебер ұштастыра білді.
Сонымен қатар, байқауда аудандық мәдениет үйінің «Әсем» үлгілі би ансамблі де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді. Ансамбль жетекшісі Әйгерім Жадырасынның жетекшілігімен ұсынылған «Кербез» биі жоғары орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде және І орын иегерлері алдағы уақытта Шымкент және Ақтау қалаларында өтетін байқауларға жолдама алды.
Бұл жетістіктер – жүйелі еңбектің, үздіксіз дайындықтың нәтижесі. Жас өнерпаздардың жетістігінің артында олардың талантын шыңдап, бағыт-бағдар берген тәжірибелі ұстаздардың еңбегі зор.
Атап айтқанда, көркемдік жетекшілер Ұлпан Сапарова, Аллагүл Ержанова, Ақжайнақ Талғатқызы мен Жайнагүл Ахмедьярова шәкірттерінің шығармашылық дамуына зор үлес қосып келеді.
Ойылдық жас дарындардың бұл жеңісі – аудан мерейін асырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық үлкен жетістік.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.



