Басты тақырыпБілім

Тіл мерейі – ел мерейі

Қазақ тарихына тереңірек бойлай қарасаң небір зобалаң жылдар мен тағылымды, тәубе етер тұстары мың өліп, мың тірілген ұлтымызды ғасыр аунап азаттықтың ақ таңына жол ашқандай көрінеді маған. 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» заң қабылданған болатын. Сол сәттен ана тіліміздің айдарына шуақ нұрын төккен тәрізді. Кейін 2017 жылы еліміздің мереке күндер тізбесіне 5 қыркүйек «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып бекітілді. Бұл күннің ерекшелігі «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Осы орайда 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай ұйымдастырылған «Тіл мерейі – ел мерейі» атты апталық кеше өз мәресіне жетті. Айтулы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы қатынасып, шараға қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтады. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» атты эссе жазу, «Тіл – ұлы байлық» атты онлайн мәнерлеп оқу байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттады. Тарқатып айтсақ,  «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» атты эссе жазу байқауының ІІІ орнын Ақтөбе қаласының №51 мектеп-гимназиясының Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанаргүл Болатова иеленсе, ІІ орын Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлнар Ермағанбетоваға табысталды. І орынды Жамбыл мектеп-балабақшасының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Кеңесова еншіледі. Ал, «Тіл – ұлы байлық» атты онлайн мәнерлеп оқу байқауының ІІІ орны Ш.Берсиев атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Інжу Еркінова берілсе, ІІ орын Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің 7 класс оқушысы Бекзат Мақсотовқа табысталды. І орынды мәнерлеп оқудан аудан орталығында өтіп жүрген байқауларға үнемі белсенділік танытып жүрген сарбиелік, Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінің ІІІ курс студенті Жанболат Хасен еншіледі. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру» мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған облыстық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына қатынасып белсенділік танытқан «Замандас» аналар қызығушылық клубының мүшесі Наталья Пономорева, «Достық» қызығушылық клубының төрайымы Елена Браташова, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Анна Омысова аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Әрі қарай мерекелік шараны Жаңылдық Бисенғалиева, Алтынбек Шотов бастаған аудан өнерпаздары патриоттық әндермен әрлесе, «Тіл – ұлы байлық» атты онлайн мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары көңілдің көкжиегіне жып-жылы сәуле нұрын құйған тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қазақстан халқы тілдері күніне ойылдықтар айрықша үн қосты. Жоғарыда аталған байқауға қатысушылардың да белсенділігі жоғары болды. Әсіресе ана тілімізге деген құрметті жас балғындарымыз жаңа қырынан көрсете білді. Ана тілім, туған тілім деп тебірене жыр жолдарын жолдарын жолдап, құттықтау тілектерін жеткізген бүлдіршіндеріміз әлеуметтік желіден әлеуметті сүйсінтіп жатты. Мұның өзі өскелең ұрпақтың тілге деген шексіз құрметі мен риясыз махаббаты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар