Әлеумет

Ақшатауға ұялы байланыс қосылды

Мемлекет бастамасымен іске асырылып жатқан “+250” бағдарламасының арқасында еліміздің алыс-шалғайында орналасқан елді мекендер кең жолақты интернетке қол жеткізе бастады. Ойыл ауданында дербес ұялы байланыс жетпей, кең жолақты интернет желісіне қосылмаған төрт ауыл қалған еді. Ол мәселе де Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің Ойыл ауданына сапары барысында берілген тапсырмасы негізінде биыл шешімін тапты.
Төрт ауылдың бірі аудан орталығынан алыс болмаса да, ойда орналасқан Ақшатау ауылы еді. Ұялы байланыстың мұнарасы былтырғы жылы қойылуы жоғары жылдамдықты желінің игілігін көруге асыққан ақшатаулықтардың үмітін үрлегені де рас. Әрине, игіліктің ерте-кеші жоқ. Өйткені, ауыл тұрғындары осы кезге дейін жылдамдығы төмен кабелді интернетті тұтынып келді. Қазанның басында іске қосылған ұялы байланыс телефонның бетіне телміріп тұрмай, «алыстан жылдам хабар алуға» мүмкіндік туғызып отыр. Ұялы байланыстың құрылғыларын орнатып, іске қосқан «КарТел» ЖШС-інің мамандары Ақшатауға әзірге «Билайн» байланыс операторының қызметі қосылғанын айтады. Осы айдың ортасына дейін «Актив» және «Теле2» қызметінің қосылатынын айтып отыр. Демек, ақшатаулықтардың басқалардан басымдығы таңдау мүмкіндігі болады. 456 тұрғыны бар ауылдан 300-ге тарта абоненттің шығатыны анық.

С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар