ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

СӘКЕН ЗАЙМОЛДИН – АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Өткен бейсенбі күні аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымының бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысын ашқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекенов 19 наурызда өткен аудандық мәслихаттың депутаттары сайлауының қорытындысы туралы хабарлама жасады.

Одан кейін депутат, «Amanat» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин аудандық мәслихаттың төрағасын ашық дауыс беру арқылы сайлауды және аудандық мәслихаттың төрағалығына Сәкен Займолдиннің кандидатурасын ұсынды. Осы екі ұсыныс депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Одан әрі сессия тізгінін қолға алған Сәкен Ғазизұлы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы мен төрағаларын сайлау туралы күн тәртібіндегі мәселені баяндады. Депутат Жангүл Ізғарина аудандық мәслихаттың жанындағы әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Еркін Жиеналинді, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері комиссиясының төрағалығына депутат Сәндібек Нұрбаевты ұсынды. Әріптестерінің толық қолдауымен сайланған екі депутат енді аудандық мәслихаттың жанындағы екі комиссияға жетекшілік етеді.
Аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымының бірінші сессиясына қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев депутаттық корпустың жұмысына табыс тілеп, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.

Басқа жаңалықтар