ӘкімдікБасты тақырып
Қарттарым – асыл қазынам!
«Қарты бар үйдің қазынасы бар», - деп дана халқымыз әу бастан-ақ айтып кеткені бәрімізге аян. Өмірдің бұралаң жолында, даналық соқпағын қалдырған қарттарымыз біздің баға жетпес асыл қазынамыз емес пе. Өйткені өткен шақты екшеп, ертеңіңді болжап беретін, ақыл да, өнеге де осы жандардың бойында тұнып тұр. Сондықтан оларға деген сый-құрмет ешқашан бітпесі анық.
Осы орайда 1 қазан күні «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік кеш мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп құрметті зейнеткерлік демалысқа шығып жатқан Дина Үмбетқызына деген құттықтау тілекпен басталып, оған әріптестері атынан гүл шоқтары мен сый-сыяпат берілді. Сондай-ақ ыстық тілектер ақтарылып, оның құрметіне арналған өлең жолдары тарту етілді.
Әрі қарай қарттарға арналған шара мерекелік дастархан басында жалғасып, көнекөз қарттарымыз жылы лебіз ақ тілектерін ақтарды. Ал, қарттарымызға арнап, аудан өнерпаздары мерекелік дастархан басын әсем әнмен әрледі. Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев барша аудан ардагерлерін мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ қарттарымыздың дендеріне саулық, отбасыларына амандық, ұзақ ғұмыр тіледі. Азаттықтың ақ таңында бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз осы дана қарияларымыздың арқасында екеніне айрықша тоқталды. Осындай шараны елеп, сый-құрмет көрсетіп жатқан ақ жаулықты аналар мен абыз кеуде ақсақалдарымыз мәдениет қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.