Басты тақырыпБілім
Ұстаздарға алғыс жауған күн
Өткен бейсенбі Ойыл аудандық мәдениет үйінде мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға қатысқан аудан басшысы Асқар Қазыбаев барша ұлағатты ұстаздарды құттықтап, марапаттады.
«Шәкірттерге білім беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын және тәлім мен тәрбие беретін ол ең алдымен — мұғалім. Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың ата-анадан кейінгі атқарар рөлі де ерекше. Сондықтан, ұстаздар күні — орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге, Ұстаздар, алғыс білдіремін»,- деді өз құттықтауында аудан әкімі.
Салтанатты шарада Асқар Қайырғалиұлы ауданның ұзақ жылдар бойы білім саласында абыройлы еңбек етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ардагер ұстаздардың омырауларына «Ойыл ауданына 100 жыл» төсбелгісін тағып, өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіндегі шығармашылық еңбегі үшін 6 мұғалімге Алғыс хаты мен 30 000 теңгенің сертификатын ұсынды. Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов аудан мектептерінде абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ мұғалімге Ақтөбе облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» мен Алғыс хатын табыстады. Және өз атынан да бірнеше мұғалімге Алғыс хат ұсынды.
Педагогтарды қолдау, көтермелеу, сауықтыру шараларына соңғы жылдары ерекше мән беріліп келеді. Осы жолда барша білім беру ұйымдарының жанашыры кәсіподақтың үлесі ерекше. Бүгінгі мерекелік салтанатта да Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы біздің ауданның ұстаздарын ұмыт қалдырған жоқ. Жоғары тұрған ұстаздардың жанашыр ұйымының бірнеше мұғалімге жолдаған құттықтауы мен Құрмет грамотасын аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлмира Избағамбетова табыстады.
Ән мен жырмен өріліп, бимен көмкерілген салтанаттың жиынның соңында ардагер ұстаз Мұхит Керей ақсақал ағалық алғысын жаудырды.