ҚАРАША ҚЫСТЫҢ БАСЫ МА?
Абайға сүйенсек, «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй». Ал, біздің өңірде қараша түгілі желтоқсанды да қысқа қимайды. Қараша – күздің соңғы айы. Жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды. Аспанды зілмауыр қара бұлттар қаптап, дамылсыз жаңбыр жауатын, жаңбыр арты қарашаның қарына ұласатын мезгіл. Жыл құстары туған мекенінен жылы жаққа бет түзеп, мәз дәуренімен қимай қоштасатын қиқулы уақ.

Осындай өліара кезеңде шаруалар етек-жеңін жинап, «кәрі құданы» қарсы алуға қам жасайды. Ал, Сіз ше?
Ауыл – қазақтың жаны. Ал, ауылдың сәні қашаннан мал емес пе?! Төрт түлік мал ұстап, табиғатпен біте қайнасып кеткен, ауыл тұрғыны алдымен Құдайға, сосын малына сеніп тірлік қылады. Қалай болғанда да, ауыл тіршілігін малсыз елестету мүмкін емес. Таңалакеуімнен тұрып, төрт түлік малын өріске айдайтын ауыл тұрғындары үшін бұл тек тіршілік көзі ғана емес, сонымен бірге ауылдың сәні де. Мал – береке. Мал – ауылдың үміті. Ал, оның азығы дайын ба? Жазғы шілдеде қыстың шілдесінің қалай өтетінін дәл болжаған аталарымыздың дәстүрін синоптиктерге «сеніп тапсырдық». Бірақ, соңғы жылдары олардың болжамдары сан соқтырып кетіп тұр. Сондықтан, «қыстың қамын жазда ойлау» керек! Ауылды тағдырына балаған, кіндігі далаға байланған адам тек қана өзіне, өзінің дайындығына сенеді. Себебі, соңғы жылдарғы наурыз айында соққан боранда қол созым жердегі «қордағы» шөпке жете алмай «қор» болғанымыз бар…
Ресми дерекке сүйенсек, аудандағы қысқа түсетін малды алып шығу үшін 131 800 тонна шөп дайындалу керек! Қазіргі таңда жоспар түгел орындалып, қажетті мал азығы қыстақтарға тасылып, аулаларға толық түсірілді. «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады» демекші, кейбіреудің шықпай қалған есебі қыстың ортасында ақ қағазға тізілген ақпараттың да ақиқатына күмән туғызады. Көзді ашып-жұмғанша қарашаға да кіріп кеттік. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та жетеді. Қарашаның ауа-райы әлі сан құбылады. Сондықтан, «ашық күннің бәрін» тиімді пайдаланып, тіршілігіңнің тірегі малыңды қыстан аман алып шығып, төл алу үшін қысқа дайындығыңды тағы бір пысықтап шыққанның артығы жоқ…
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



