ӘкімдікБасты тақырып
Облыстың бас полицейі Ойылда мал ұрлығының алдын алуды тапсырды
Өткен аптада ауданымызға арнайы келген Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов Ойыл аудандық полиция бөлімі бастығының есеп беру кездесуіне қатысты. Жиналысқа әкімдік, қоғам өкілдері, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Жиналғандар алдында аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Берекенов баяндама жасап, аудандағы қылмыстық жағдайдың жай-күйі туралы хабардар етті. Келесі ретте Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов «Ойыл ауданы бойынша қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың тіркелуінің төмендеуіне қарамастан, ауыр қылмыстардың, бұзақылықтардың өсуі байқалады. Осыған ұқсас мас күйінде жасалған қылмыстардың үлес салмағы да жоғары, бұл қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жою бойынша жұмыстың нашар ұйымдастырылғанын көрсетеді, маскүнемдіктің алдын алу бойынша жұмыс жеткіліксіз жүргізілуде», — деп баса айтты.
Аудан орталығындағы кездесу барысында облыстық полиция департаментінің бастығы ауданның негізгі проблемаларының бірі ретінде мал ұрлығына баса назар аударды және аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Берекеновке мал жаюды ұйымдастыру бойынша халықпен профилактикалық және түсіндіру іс-шараларын жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Кездесу соңында полицияның қоғамдық көмекшісі Мінсізбай Жайлыбаевқа құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектескені үшін алғыс хат пен шағын естелік сыйлық табыс етті.
Одан кейін Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөліміне барып, учаскелік полиция инспекторларымен кездесті, онда Мемлекет басшысының учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыру қажеттілігі туралы талаптарын жеткізді. Сондай-ақ, «Тек ішкі істер органдарын ғана емес, барлық құқық қорғау органдарын да реформалау жүріп жатыр. Полицейлер жұмысының сервистік моделі енгізілуде. Әрбір учаскелік инспектор азаматтардың өтініштері мен арыздарына жедел әрекет етуі тиіс», — деп түйіндеді.