ӘлеуметБасты тақырып
Мүмкіндігі шектеулі жандар — қоғамның тең мүшелері
Өткен аптада Ойыл ауданына Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмаз Жантекенов пен «Невада-Семей» қозғалысы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қонысбай Махамбетов іссапармен келді. Алдымен аудан мешітіне барып ата-бабаларға құран бағыштап, Жәрмеңкенің сауда қатарларын, Ойылдың тарихи-мәдени орындарын аралады.
Сонымен қатар, «Мейірім» әлеуметтік үйінде болып, мүгедек жандардың оңалту бағдарламасымен жүзеге асып жатқан жұмыстарымен танысты. Әрі қарай Ойыл аудандық ауруханасында барып, мүмкіндік шектеулі жандарға арнап салынған пандустар мен лифтінің жағдайымен танысты. Ауруханаға құр қол келмей мүмкіндігі шектеулі жандарға 2 балдақ, 1 арба сыйға тартты. «Невада-Семей» қозғалысы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қонысбай Махамбетов аурухана басшысы Сәндібек Нұрбаевқа О.Сүлейменовтың кітабын тарту етті. Әрі қарай «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан қамқорлықтар мен көрсетіліп жатқан көмектерді баяндады.
Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмаз Жантекенов «Үкімет пен қоғам бірге жұмыс істесе біз біраз белестерді бағындырамыз. Басқа да аудандарды аралаған азамат Ойыл ауданы нағыз қаймағы бұзылмаған киелі құтты мекен, халқының қонақжайлылығына тәнті болды. Жылдан-жылға мүгедек жандарды жебей жүретін қайырымды адамдардың көбейіп келе жатқанына қуанатынын» — айтып арнайы алып келген алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын тапсырды. Жастардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, белсенділіктеріне жоғары баға беріп, болашақ жоспарларын сұрады.
Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған шаралардың қолға алынғандығына ризашылығын білдірді. Арнайы жүздесіп, келелі мәселелерді көтерген аудан басшыларына өзінің және облыстық мүгедектер қоғамы мүшелерінің алғысын жеткізді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.