Әлеумет

Бағбандар отбасының ісі бәрімізге үлгі

Ойыл жұрты таза, табиғи жылыжай өнімдерін тұтынуда. Кәсіп иелері ықылас-ниеті мен еңбексүйгіштігінің арқасында бүгінде өңірімізді қоспасыз өнімдермен қамтамасыз етуде. Әрине, кәсіптерін жуық арада бастаған отбасылық кәсіпкерлер  бастапқыда мемлекет тарапынан қолдауға ие болып бүгінде шағын шаруашылықтарын дөңгелетіп отыр.

Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Мырзағалиева жыл басында «Бастау» бағдарламасы арқылы бизнес негіздерін оқып шығып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» Ақтөбе облысындағы филиалынан «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жылыжай құрылысына 5 млн теңге несие рәсімдеген болатын. Ол қаржыға кәсіпкер түрлі бақша өнімдерін  өсіретін жылыжай салып алды. Кәсіпкер бастапқыда    тұқым егу жұмыстарын бастағанда бағбандықтың қыр-сырына қанықпағандықтан өнім түрлерін аз еккенін айтады. Ал қазір  жылыжайда бақша өнімдерінің 20 жуық түрлері өсірілуде. Оның ішінде қияр, қызанақ, қауын, қарбыз сынды қазіргі таңда халық сұранысына ие өнімдер бар. Алғашқымен салыстырғанда өнім көлемі жоғары қазірдің өзінде 1 тоннаға жуық көкөністер қолжетімді бағада сатылған.  Өсірілген өнім Ойыл ауданын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз болғанымен халықтың табиғи өнімге сұранысы өте жоғары. Кәсіпкердің айтуынша тіпті арнайы Ақтөбе облысынан, Ойылдың округтерінен арнайы келіп алушылар көп екен. Өйткені бақша өнімдерінің бағасы да халыққа өте қолжетімді, сапасы да көңіл көншітеді. Бүгінде жылыжайда Сапура апамыз жолдасы Миржан Құлбаевпен және екі баласымен жалпы саны төрт адам ғана жұмыс атқарып жатыр. Төккен тер әзірше кеткен шығыдны ғана өтеп отыр. Таза қол еңбегін қажет ететін шаруашылыққа қосымша жұмысшылар да керек-ақ. Дегенмен шаруашылық енді тәй-тәй басып келе жатқандықтан әзірше отбасы мүшелері ғана қызмет етуде. Нәпәқалаларын қара жерден тауып отырған отбасы биылғы түсім де жаман еместігін айтады. «Біз қазір қарбызды сатуды аяқтап қауынды сатуға дайындап жатырмыз. Одан бөлек қияр, баялды, сынды өзге де көкөніс түрлері де сатылымда. Дегенмен қыс мезгіліне қарағанда жаздағы жұмыс қиындау болып келеді. Себебі ауа райы қолайсыздау болып жатады. Басты қауіп желдің қатты соғуы, күннің шамадан тыс ыстықтап кетуі өнімді жинауға кедергісін тигізеді. Жалпы бау-бақша дақылдарына ерекше күтімнен бөлек, әр өнімге махаббатпен қарап ең бірінші оларды жақсы көру керек. Сонда ғана жақсы өнім береді. Су құйсам, топырағы, тұқымы жақсы болса болды деген ой өте қате. Өнімге бар ынта-ықыласыңмен қарап, көңіл бөлгенде ғана жер де ниетіңе қарай мол өнім береді. Бұл жылыжайды ашу, бақша өнімдерін өсіру жолдасым Миржанның бұрыннан арманы еді. Мінекей мемлекет қолдауымен кәсібімізді бастап кеттік. Барлық құрастыру, егу, жылу, су беру тағы да басқа жұмыстармен жолдасым айналысады. Жолдасым бұрыннан осы кәсіпті жақсы көріп, алғашқыда үйіміздің ауласына егіп кәсіп қылғанымызға біраз болды. Жолдасымның өзінің былайғы шаруаға да қолы шебер. Жылыжайды құрастыру, техника жағын бәрін өзі жасап шығарды. Болашақта жылыжай аумағын бірнеше  гектарға дейін жеткізу, жұмысшылар алу ойымызда бар»,-дейді. Кәсіпкерлер биыл жақсы өнім алып, тәжірибелерін шыңдап, алдағы жылдары аталған жоспарының да орындаларына сенімді. Шағын жылыжай бір отбасының ғана емес бүтіндей өңірдің мақтанышы десе де болады.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар