Спорт
«Ұстаз барысы»
Ойыл аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жалпы ұстаздар арасындағы қазақ күресінен аудандық «Ұстаз барысы» турнирі өтті. Қазақ күресінен палуандар бәсекесі алғаш рет ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар әдеттегідей кәсіби боз кілем шеберлері емес, мектепте балаларға сабақ беріп жүріп, спортты серік еткен жандар.
Ойыл, Қараой, Ақшатау, Сарбие,Қаракемер,Көптоғай, Ш.Берсиев,Амангелді, Ақкемер, Құмжарған, Қайыңды ауылдарының ұстаздары қатысты. Кілемде барлығы 28 палуан бақ сынасты. Сондай-ақ сайысты тамашалауға жиылған халықтың қарасы да аз болған жоқ. Қазақстан Республикасының 30 жыл мерейтойы, Қ.Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай арналған турнир үш түрлі салмақ дәрежесінде өтті. Сайыстың нәтижесінде 55-66 килограмм жеңіл салмақ дәрежесі бойынша А.Ардақұлы III орын, А.Құлмурзин II орын, М.Жаңабаев I орын еншілесе, 67-82 килограмм орта салмақ дәрежесі бойынша А.Бисенғалиев III орын, Т.Шегетаев II орын, Н.Байдуллин І орын жеңіп алды. Ал, 83 +100 үлкен салмақ дәрежесі бойынша Ә.Сарин ІІІ орын, А.Сапаров ІІ орын, Р.Сағынғалиев І орынды қанжығасына байлады.
Жеңімпаздарға арнайы жасалған медальдар мен кубоктар, дипломдар және облыстық кезеңге қатысуға жолдамалар табысталды. Бас жүлде иегерлеріне шипажайға жолдама табыс етілді.