Денсаулық
«Флюкар» автокөлігі Жаңа мүмкіндікке жол ашады
2021 жылы «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасын бекітті. Бағдарлама аясында ауданымызда іске асырылып жатқан шаралар өз нәтижесін беруде. Аудандық орталық ауруханаға науқастың тұрған қалпында кеуде қуысының флюрографиясына арналған жылжымалы цифрлық «КРФ-112» кешенді рентген аппараты келді.
Жылжымалы «Флюкар» автокөлігі арқылы ауданның шалғай елді мекендерінің тұрғындары флюорографиялық тексерулерден өтеді. Рентгенолог дәрігерлер кешенді пайдаланудың ыңғайлылығы мен тиімділігі, замануи үлгіде жабдықталғанын жоғары деңгейде бағалап отыр. Жылжымалы автокөлік компьютер, екі жұмыс орнымен жабдықталған, яғни рентген лаборант, рентгенолог дәрігер, жүргізуші үш адамды жұмыс орнымен қамтиды. Сонымен қатар, медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. Кондиционер, жылыту жүйесі және сумен жабдықталған кешен ауа райының қолайсыздығында да қиындықсыз қызмет етеді. Бұл кешенге бюджеттен 62 млн теңге жұмсалған. Аталған кешен арқылы тұрғындарға көшпелі түрде профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп, азаматтардың денсаулық жағдайына диагностикалық зерттеулер өткізуге мүмкіндік мол. Медициналық кешеннің ерекшелігі – цифрлық үлгіде, ашып айтқанда кескінді электронды поштаға жібереді.
«Шалғай аймақтарға жол жүру деңгейі жақсарғаннан кейін, көптеген қажетті профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шарасын жүргіземіз. Кешен толықтай жұмысын атқарар болса, дәрігерлер де азаматтарды толық тексеруден өткізіп, ауруды дер кезінде анықтауға септігін тигізеді. Бұл ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, еліміздің шалғайдағы және қатынауы қиын өңірлерінде тұратын ауыл халқына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру тапсырмасын орындау негізінде іске асырылып отыр» – деп атап өтті аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев. Қабылданып жатқан шаралар өңіріміздің медицина қызметкерлерінің жауапкершілігімен және кәсібилігімен бірге аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және сақтауға елеулі үлесін қосады деген сенімдеміз.