Денсаулық
Мереке күні екі сәби дүниеге келді
16 желтоқсан күні аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудандық перзентханаға барып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы күні түнде тілекші қыз баланы дүниеге әкелген ананы құттықтады. Мерекелік сыйлығын табыс етті.
2021 жылдың 16 желтоқсаны күні дүние есігін ашқан сәбиге «Желтоқсанның қайсар қызы» Сәбираның есімін беріпті. Төртінші сәбиін аман-есен дүниеге әкеліп, қол-аяғын бауырына алған Ақкөркем Серікқызы Көптоғай ауылының келіні. Сәбиінің туу туралы куәлігін рәсімдеу үшін электронды үкіметтің проактивті қызметіне жүгінген Ақкөркем бір мезетте Сәбираның туу туралы куәлігін алып, біржолғы жәрдемақысын тағайындатып, балабақшаның кезегіне тіркелді. Біз барған сәтте Ақкөркемнің телефонына электронды үкіметтің қызметінің де сәтті жүзеге асқандығы туралы хабарлама келіп жатты. Сондай-ақ, «Электронды үкімет» ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 16-17 желтоқсан күндері дүниеге келген сәбилерге «Сүйінші!» әлеуметтік пакетін ұсынып отыр.
Р.S. Түс әлетінде аудандық перзентханадан тағы бір қуанышты хабар жетті. Әдия есімді сәби дүниеге келді. Ал, жалпы жыл басынан бері Ойыл ауданында 380 сәби дүниеге келсе, оның 138-і Ойыл селосының кішкентай тұрғындары.