ӘлеуметБасты тақырып
Мал-жаның аман ба?
«МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ», - ДЕЙДІ ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ. РАСЫНДА БАҚПАСА МАЛ ӨСПЕЙДІ. «АЛДЫҢҒЫ АЙЫЛДЫҢ БАТҚАНЫН, ИЕСІ БІЛМЕС, АТ БІЛЕР», - ДЕМЕКШІ, БІЗ МАЛЫМЫЗ АУЫРА ҚАЛСА, ОНЫ ӘП ДЕГЕННЕН БІЛЕ АЛАМЫЗ БА? МАЛ АРАСЫНДА ЖҰҚПАЛЫ АУРУ КӨП. БҰРЫН БАБАЛАРЫМЫЗ МАЛ АРАСЫНДА ІНДЕТ ТАРАМАСЫ ҮШІН АЛДЫН-АЛА ӘРЕКЕТ ЕТІП, МАЛДЫ КҮТІП-БАПТАУҒА ҮЛКЕН МӘН БЕРГЕН. ТУҒАН АЙ МЕН БАТҚАН КҮНГЕ ҚАРАП, БОЛЖАМ ЖАСАҒАН. АУЫЗЫ ДУАЛЫ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КЕҢЕСІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРІП, ҚУАҢШЫЛЫҚ ПЕН ЖҰТТАН САҚТАНҒАН. ЖҰТҚА ҰРЫНҒАН ЖЫЛДАРДА ДА, ТӨРТ ТҮЛІК МАЛДЫҢ ТҰЯҒЫН ҚАЙТА ТІКТЕП, ТІРШІЛІК КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРЫП ОТЫРҒАН. АУРУ-СЫРҚАУ МАЛДАРҒА ЕМ-ДОМ ЖАСАУДА АЛДЫНА ЖАН САЛМАЙ ЖЕТІК БІЛГЕН.
Қазір ше? Қазір, мал ауруының қай түріне болмасын дер кезінде емдік шаралар мен екпелер қолдану арқылы мал-жаныңды аман сақтап қалуға толық мүмкіндік бар. Демек, ғылым дамыды деген сөз. Бабалар болжамы келмеске кетіп, ғылыми зерттеулер тыңнан нәтиже бере бастады. Бірақ мұны да тиімді пайдалана алмайтын жандар қатарымызда жүр. Ветеринариялық шараларға немқұрайлы қарайды. Уақытында қан алдыру жұмыстарына салғырт көзқарастамыз. Мезгіл-мезгіл бойынша аурудың өршитін тұсында алдын-ала салынатын екпе салдыруға да ерініп жатамыз. Олай болмағанда, Аллаға аманат қыламыз. Бірақ, сақтанғанды сақтаймын демейді ме?! Осылайша соңында шаш етектен шығынға батамыз.
Біз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан болғандықтан бізге малдың амандығы маңызды. Себебі, біз үшін табыстың көзі төрт түлікте десек артық айтқандық емес. Өйткені аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты. Ал, мал басын көбейтіп, оны асылдандыру бөлек әңгіме. Бүгінгі айтпақ ойымыз, малды түрлі жұқпалы аурулардан алдын-ала сақтау шараларына мұқият қарап, дәрігер кеңесіне дер кезінде құлақ түру. Бүгінгі күнде еліміздің кейбір өңірлерінде оқта-текте малдың жұқпалы ауруға шалдыққаны туралы естіп жүрміз. Сиыр жылының соңында Зеңгі баба төлі сырқаттанып қоштасты. Олай дейтін себебіміз, өткен жылдың соңында сиырдан ренотрохит жұқпалы ауруы шығып, індет тез арада өршіп кетті. Ренотрохит ауруы бұрын-соңды біздің аймақта кездескен емес. Ауру Берсиев ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекенінен бастау алды. Ат төбеліндей ауыл аталған індеттің ошағына айналды. Ветеринария саласының мамандары ауру көршілес аудандардан мал тасымалдау арқылы таралғанын анықтады. Санаулы уақытта жұқпалы мал ауруы Көптоғай, Ойыл, Ақжар елді мекендерінде де кең етек ала бастады. Қазір ауру өршіп тұр. Алға, Мұғалжар аудандарынан бастау алған індет біздің ауданға жел, ауа арқылы және малдың жем-шөбін тасымалдау немесе ауру малды тиіген көлік арқылы жетіп отыр. Бұл болжамды теріске шығаруға болмайды. Себебі, ауру малды емдеу шараларына қатысқан адамның сырт киімі арқылы ауру ошағы анықталғанмаған таза аулаға кірген кезде де малға бірден жұғатыны рас. Аталған аурудың емі бар. Ендеше аурудың кең таралуына байланысты дәрігер кеңесіне құлақ түрейік.
Дәрігер кеңесі
«Біз ренотрохит жұқпалы мал ауруы тараған кезден бастап, оны емдеу шараларын зерттедік. Осы індет шыққан аудандармен кеңесіп, тығыз байланыс жасадық. Біздің басты міндетіміз мал басын түрлі аурулардан аман сақтау. Сондықтан біз осы кезеңде қауырт қимылдап, бұл індетті жою шараларын шұғыл жүзеге асыруымыз керек. Негізінен малдың жұқпалы ауруы адамға да қауіпті болмақ. Сол себепті, оны тез жою қажет екені түсінікті. Әйтсе де бұл індеттің адамға жұғу қаупі жоқ. Бірақ, емдік шаралары кезінде сақтану керек. Қолды сабындап жуып, малды емдегенде резина қолғап, бетіңізге бетперде таққан абзал. Ренотрохиттің емі йодталған тұзды су. Яғни ас тұзы. Суға тұзды қажетінше қосып, малдың ауыз қуысын толықтай жуу керек. Тұзды су арқылы малдың ауызын шая берсе, аурудан толықтай айығып шығады. Сонымен қатар, бициллин, нитокс препраттары арқылы егу қажет. Мүйізді ірі қара ауруға шалдыққанда шөп жемей қалады. Сол сәттен бастап, жоғарыда айтылған емдік шараларды қолданған дұрыс. Қазіргі таңда індет өршіп тұрғандықтан, біздің мамандар тұрғындарға ақысыз кеңес беріп, бір жолғы емдік шарасын көрсетіп жүр», — дейді Ойыл аудандық ветстанция директорының орынбасары Мәлік Жұмабаев.
Біз арнайы мамандармен тілдесу барысында Батыс Қазақстан облысы Жәңгірхан атындағы университетін бітіріп, Ойыл аудандық ветстанциясында қызмет етіп жатқан Асылбек Жүсібалиевпен де арнайы сұхбаттастық. Ол қазіргі таңда ауданымызда өршіп тұрған ренотрохит жұқпалы індеті бойынша тұрғындардың малдарын емдеуде белсенділік танытып жүр. «Жас келсе іске», — демекші ол бұған дейін де ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыруда тұрғындармен тіл табысып, қызмет етуде. Оның айтуынша, қазіргі таңда оның ұялы телефонына шалынған қоңыраулар де шек жоқ екен. Осыдан-ақ аурудың кең етек алғаны байқалады. Қолдан келген көмегінен аянбаған ол қазір елдің алғысын алып жүр. «Біз қазір аурумен күресіп жатырмыз. Малды аурудан тез арада жазып алу үшін ветернариялық шаралар дер кезінде жүзеге асырылу тиіс. Сондықтан біз ауру шыққан аулаға барып, емдік-шаралардың жасалуын, жолын көрсетіп береміз. Шақырту құлағымызға шалынса, шұғыл барып, кеңес беріп, қажетті дәрі-дәрмектің тізімін жазып береміз. Бірақ, оған да немқұрайлы қарайтындар бар. Қойшыдан қожайын көп болса да, қой өледі емес пе? Ендеше баршаңызды мал ауруынан алдына сақтанып, ветеринарялық іс-шараларды уақытында жүзеге асыруға шақырамын», — дейді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.