Әкімдік

Мал ауруынан таза ауылдың тілегі ауыз су

Көптоғай ауылдық округі әкімі Ерлан Асылбаевтың есеп беру-кездесуі Шұбарши ауылында басталды. Аудан әкімінің орынбасары Саян Сапарұлы аудан бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Шұбарши елді мекені тұрғындарының алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары мен биылғы жылдың еншісіндегі жоспарлары туралы есеп берген округ әкімі Ерлан Асылбаев ауылда егін шаруашылығында қиындық барын айтты.   

«Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасы бойынша жылжымалы рентген көлігі келіп, 4 ауылда 210 тұрғын флюрографиялық тексеруден өткен. Рентген аппаратына түсу жағдайы баяу, салғырттық танытатын, денсаулығына немқұрайлы қарайтын ауыл тұрғындары бар екенін жасырмады. Және короновирусқа қарсы вакцинациялау нәтижесінде 653 адам «Спутник V», «СоronaVac» вакциналарын алған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6-7 кәсіпкер мал басын өсіру және асылдандыру мақсатында 14 млн. теңге несие алған және бұл алдағы уақытта жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Одан кейін ауыл тұрғындары сауалдарын қойды. Алғаш сөз алған Молдабай Байқуатов тұрғындардың тұтынуына жарамсыз болып отырған орталықтандырылған ауыз судың сапасы, газ тарту мәселесін, қысқы жол қатынасын қамтамасыз ету жайын қозғады. «Ауыз су жағдайын 5 жыл бойы жөндейміз деді, бірақ жөнделмеді. Алдағы уақытта іске асырылама?» деген сауалын қойса, Аманжол Қойшыбеков жол мәселесі, мәдениет саласы бойынша ауылдағы клубқа  заманға сай жөндеу жасауды қажет екендігін айтты.
Қазір бұл шаруалардың жобалау-сметалық құжаттарын жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шұбарши ауылындағы тағы бір өзекті мәселе жол мәселесі, келіп тұрған жолды Атырау облысы Миялы шекарасына қосуды көздеп отырғанын, жобасы басталып кеткендігін айтты.
Ақтөбе облысы ветеринариялық басқармасы Ойыл аудандық филиалының бас маманы Арсланбек Алдияров ауылдық округтерде мал ауруы өршіп тұрғанын, Нұрсұлтан қаласынан келген сараптама нәтижесі жақсы, Шұбарши ауылы мал ауруынан таза екенін айтты. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайтынын, санитарлық талаптарды сақтауды ескерді.
Кездесу соңында ауыл әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берсе, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов тұрғындар көтерген кейбір мәселелерге кеңірек тоқталды.
Сонымен қатар, ауыл балалары үшін шағын футбол алаңын салу да биылғы жылдың еншісінде.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Шұбарши-Ойыл.

Басқа жаңалықтар