Әкімдік

Қоғамдық Кеңес қайткенде күшейеді?

Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Әлі күнге дейін аталған институтты жетілдіру, оның жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты сын-ескертпелер толастамай тұр. Мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған қоғамдық кеңестер өз міндетін толық атқарып жүр ме?

Қазақстанның барлық өңірін қам­ты­ған қоғамдық кеңестер 2016 жыл­дың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Министрліктердің, орта­лық атқарушы орган­дардың жанынан, сондай-ақ мемле­кеттік басқару­дың республикалық және жер­гілікті дең­гейлерінде консуль­татив­ті-кеңесші, бақылаушы орган ретін­де құрылған бұл институт бюджет қара­жатын тиім­ді пайдалануға, мемле­кеттік қызмет­тің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ық­па­лын тигізеді. Яғни, атқарушы орган­дар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәсе­лелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашық­тығын қамтамасыз етеді.
Қоғамдық Кеңестердің құрыл­ға­ны­на көп бола қоймаса да, осы ұйым­­­ның жұмы­сын ілгерілетуде көлбең­­дей­тін көл­денең мәселелер де аз емес. Ондай түйт­кілді сұрақтардың басында қоғамдық кеңес­тердің құрамы­на қатысты мәселе тұр. 2015 жыл­ғы 2 қарашадағы «Қоғамдық Кеңестер туралы» заңда қоғамдық кеңес­тегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемін­де үштен екісін құрауы тиіс екені көр­сетілген. Соған қарамастан, қоғамдық ке­ңестің басым бөлігін құрайтын азамат­тарды қарапайым жұрт біле бермей­ді. Оның мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатпағандықтан, әлеу­­мет­тің өзекті мәселелері тиісті орын­дар­ға жетпей жатады. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институты әзірлеген «Қазақ­стан­дағы қоғамдық кеңестер: дамудың не­гізгі трендтері» атты сараптамасын­да кеңестердің белсенділігі оның мү­ше­лері­нің белсенділігіне байланысты екені айтылған. Сауалдамаға қатыс­қан сарап­шылардың пікірі бойын­ша, кеңес мүшелерінің саяси салмағы­ның әлсіздігі, олардың шын мәнінде қоғам­­дық кеңестердің қызметіне аса құлық­­ты еместігі, жалпы жүктелген мін­дет­ке жауап­кершілікпен қарамауы – атал­ған инс­титут­ты дамытудағы бас­ты кедер­гілердің бірі. Сонымен қатар бел­гілі бір мемлекеттік органның жаны­нан құ­рылған кеңес мүшелері сол ме­ке­ме­­нің зейнетке шыққан бұрынғы қыз­мет­керлері екені де айтылады.
Мыса­лы, бұ­рын қоғамдық кеңес мү­ше­лерінің сайлануын анық­тайтын жұмыс тобына мем­лекеттік органның бас­­шы­сы жетекшілік етсе, қазір азаматтық қоғамның өкілдері өздері басқарады. Бұл қоғамдық кеңестердің дербестігін күшейтуге ықпал етеді. Заң жобасымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері үшін жаңа құқықтар мен өкі­лет­тіктер енгізіледі. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің ұсы­ныс­тарының орындалу мәселесі де бір жолға қойыл­мақ. Енді мемлекеттік орган­дардың ұсыныстарға бір айдың ішінде дәлелді жауап беруі тиіс екендігі көрсе­тілген норма күшіне енбек.
Жалпы, билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қоғамдық кеңестердің жұмысын жетіл­діру, жаңғырту үшін оның дамуына кері ықпалын тигізетін осындай кедергілер кеңінен талқыланып, оларды жою бүгінде басты назарда тұр. Осы мақсатта екі жылда бір рет дәстүрлі түрде қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі ұйымдастырылады, сондай-ақ жылына бір рет сарапшылар институтты дамытудың жай-күйі туралы кешенді баяндама жасайды.
Қазіргі таңда Ойыл аудандық Қоғамдық Кеңес құрамы 15 адамнан тұрады. Бұрын  Қоғамдық Кеңестің үштен бір құрамын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері құраса, қазір түгелдей азаматтық қоғам мүшелелері құрайды. Өткен 2021 жылы Қоғамдық Кеңестің 6 отырысы, биыл 2 отырысы өтіп, онда аудан халқының әлеуметті жағдайын, ауданның басқа өзекті мәселелері қаралып тиісті шешімдер қаралды.

Бүгінде көпшілікпен байланыс орнатудың кең ауқым­ды құралы – әлеумет­тік желілер. Бұл бағытта біздер Қоғамдық кеңес туралы ақпараттарды аудандық мәслихаттың uil-maslihat.kz сайтына салып отырамыз.

Берік Бисекенов,
аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы.

Басқа жаңалықтар