Әкімдік
Қарасуға ауыз су қажет, Құмжарған көркейіп келеді
Жылдағы дәстүр бойынша аудан және ауылдық округ әкімдерінің тұрғындарға есеп беру жиыны атақты диқан Шығанақ Берсиевтің туған жерінен басталды. Аудандағы бірқатар сала басшылары мен аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған топ алдымен 21 түтіні бар Қарасу елді мекенінде болды.
Онда ауыл тұрғындарымен өткен кездесу жиынында Қаратал ауылдық округінің әкімі Әділбек Ізбасов ауыл тұрғындарына өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Қарасу елді мекенінде көп жылдардан бері қордаланып қалған мәселе ауыз су болатын-ды. Бұл мәселе былтыр шешімін тауып, блок модульді ауыз су кешені іске қосылған еді. Алайда, 50 метр тереңдіктен шығып, халық игілігіне берілген ауыз су ішуге жарамсыз болып тұр. Себебі суды тазалау құрылғысы іске жарағанымен құм аралас су әзірге тұтынуға мүлдем келмейді. Ауыл әкімі айтылған мәселеден бей-жай емес. Жер аяғы кеңи салысымен бұл мәселені шешуге болатынын жеткізді. Былтырғы жылы тұрғындар тарапынан ауылды жарықтандыру ұсынысы түсіп, қазір аталған жұмыстар толықтай жүзеге асып отыр. Айта кетсек, есеп беру жиынында қарасулықтардың басты тілегі — көгілдір отын болды. Бірақ тұрғындардың бұл тілегі көп қаражатты қажет ететіндіктен, сондай-ақ елді мекендерді көгілдір отынмен қамту мәселесі кезең-кезең бойынша сарапталып шешімін табатындықтан, алдағы жылдардың еншісінде қалды. Малдан нәпақасын тауып отырған шағын ауылда ешқандай қылмыс тіркелмеген.
Ал, Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің әкімі Әділбек Ізбасовтың тұрғындарға есеп беру жиыны сол күні түстен кейін Құмжарған елді мекенінде жалғасты. Онда да ауыл әкімі өткен жылы жасалған жұмыстарды баяндап берді. Былтыр Құмжарғанға шағын футбол алаңы салынды. «Сырт көз сыншы» — демекші, құмжарғандықтардың үйлерін жөндеп, аулаларын заманауи үлгімен қоршап жатқандығын байқауға болады. Ауылдың тұрғындары еңбекке енжар емес. Бойларында болашаққа деген үлкен сенім мен серпіліс бар.
Ал, ауыл әкімінің алдағы міндеттеріне тоқталсақ, елді мекенді жарықтандыру, көркейтумен қатар күндізгі уақытта малды ауылға кіргізбеу мақсатында малдың шығатын өрісі мен бағытына байланысты ауылдың сыртына ұңғымалы құдықтар қазу.
Аталған елді мекендерде аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Оған қоса, Құмжарғанның кіре беріс 3 киллометр жол бойынша жобалау сметалық құжаттары жасалынып, қаражат жағы қарастырылып жатқандығын айта келе ауыл тұрғындарынан үйлердің сыртқы қаспетін әктеу, сырлау жұмыстарына баса мән беріп, тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.
Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы ММ шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ойыл аудандық ветстанциясы» МКК-ның директоры Серік Сармұқанов ветеринариялық іс-шаралар бойынша ақпарат берді. Сырғалау, қан алғанда малдың жасын, жынысын, түсін нақты айтып, дерекқорға енгізу керектігін жеткізіп, жылқыға чип салу жөнінде ұсыныс білдірді. Жұқпалы ренотрохит ауруы бойынша кеңірек мәлімет берді. Бұл ауру адамға жұқпалы емес. Күйіс қайыратын малдарда кездеседі. Сондықтан малға вакцина егу жөнінде де тоқталып өтті. Сондай-ақ, қазіргі таңда ит аулау жұмыстары қиындап тұрғанын да жасырмады. Өйткені қазір ит атылмайды, ауланады. Ауланған қаңғыбас немесе бос жүрген иесі бар иттер арнайы тұрақта болады. Екі ай ішінде иесі анықталғанда айыппұл салынады немесе жойылады.
Жиын кезінде Құмжарған елді мекенінің тұрғыны Бауыржан Жұбай көпжылдық шөп егу бойынша, тұқымды қалай алуға болатындығын сұрап, алдағы уақытта картоп егуге ниетті екендігін жеткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қарасу-Құмжарған-Ойыл.