Әкімдік

Шаруасына мығым шалғай ауылдарда шағым жоқ

Бекітілген жоспарға сәйкес өткен жұма Сарбие ауылдық округіне қарасты Қаракөл елді мекенінде ауыл әкімі Дәурен Бисебаев тұрғындар алдында өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысқан шағын ауылда мал басында өсім байқалады. Ветеринариялық шаралар да уақытында атқарылып, шаруалардың белсенділігі жоғары. Қаракөл ауданның Батыс Қазақстан облысымен шектесетін соңғы сағасы. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл мемлекеттің қолдауынан кенде қалған емес. Былтыр ғана кешенді блок модульді құрылғы орнатылып, тұрғындар таза ауыз су тұтынып отыр. Шалғай ауылдағы ағайынның шағымы жоқ. Сырқаттанып қалған сәтте тұрғындарды тұрақты қарап, ем-дом жасап тұратын мейірбике сұрайды. Сондай-ақ, мұндағы өзекті мәселенің бірі — Қаракөл бастауыш мектебінің жылу жүйесін қайта қарап, жөндеу жүргізу жұмыстарын іске асыру…
Ауыл әкімдерінің кезекті есеп беру жиыны түстен кейін Қараой ауылдық округіне қарасты Құбасай елді мекенінде жалғасты. Ауыл әкімі Айбек Сұлтанов өткен жылдың қорытындысын тұрғындарға баяндап, ағымдағы жылы жасалатын жұмыс жоспары мен басты міндеттерін атап өтті. Мұндағы басты мәселе — өткен жылы халық игілігіне берілген кешенді блок модульді құрылғы әзірше іске жарамай тұр. Бұл мәселені ауыл әкімі жаз шыға шешімін тауып, жөндеп беруге уәде етті. Ауыл әкімінің Құбасай елді мекеніне байланысты басты міндетіне тоқталсақ, ауылда балалар ойын алаңын салу. Демек, бұл игі іс ауыл баласының қоғамнан алшақтамауын көздейді.
Қос ауылда да аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев елді мекен тұрғындарын аудан бойынша атқарылып жатқан межелі жұмыстарды толыққанды қамтыды. Биыл жұмыссыз жастарға 1 225 000 тг грант беріледі. Бизнес жоспарын құрып, кәсіпкерлік палатасында оқуы тиіс. Осы сынды жастар тәжірибесін он екі айға ұзартылғанын хабардар етіп, әлеуметтік сала жан-жақты тоқталып өтті.
Келесі ретте Ойыл аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин ауылдағы ата кәсіппен айналысып отырған ағайынды елімізді көркейту жолында ауызбіршілікте бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Жайылымдарды тиімді пайдалануды ұйымдастыру керектігін баса айтты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаракөл-Құбасай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар