Әлеумет

Қаракемер суға зәру, Ақшатауда клуб жоқ!

Ойыл ауылдық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кеше Қаракемер мен Ақшатау елді мекендерінде өтті. Жиында округ әкімі ауылдардың өткен 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуы мен атқарылған жұмыстарымен қоса, ағымдағы жылы алға қойған негізгі міндеттер туралы баяндады. Қаракемер ауылында мал басында өсім байқалады. Алдағы уақытта елді мекенде екі көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Ұсыныс-тілектер жиынға қатысушылар тарапынан да айтылды. Айта кетсек, округ әкімі бір күнде екі елді мекенге берген есебінде қос ауылдың да тұрғындарының тілегі көгілдір отын мен ауыз су мәселесі болды. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру, жол мәселесін көтерді.
Түстен кейін, ауыл әкімдерінің кезекті есеп беру кездесуі Ақшатау ауылында жалғасты. Мұндағы басты мәселе — заманға сай ауылдық клуб салу. Алдағы уақытта бұл мәселе де демеуші табылса, шешімін табатынын айтты. Тұрғындар малдың бағылуы мен оның өрісі және мал азығы туралы да өз ұсыныстарын жеткізді.Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар мен тілектерге Сәндібек Дәулетқалиевпен бірге осы жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов жауап берді. Екі ауылдағы кездесуде де Саян Сапарұлы ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді жеткізді.
Сонымен қатар, «Ойыл аудандық ветеринариялық стансасы» МКК басшысы Серік Сармұханов малдарды сырғалау, таңба бастыру, дерекқорға енгізу, ауруға қарсы ектіру жұмыстары да бүгінгі күннің басты талабы екенін жеткізді. Қазіргі кездегі мал арасындағы өршіп тұрған жұқпалы аурудың алдын-ала сақтау шараларына мұқият қарауды ескеріп, кеңестерімен бөлісті. Ойыл селолық округінің учаскелік инспекторы Айбек Шегетаев қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, бағусыз малдың иесіне қолданылатын шаралар туралы түсіндірді.
Есеп беру жиынынан кейін округ әкімі, аудан әкімінің орынбасары елді мекендегі ескі құдықтық жәй-күйін қарап, жалпы жер асты су қорының азаюына байланысты қазіргі таңда Қаракемер елді мекенін қамтып отырған су ұңғымалары (скважин) орталық су құбырына қосылғанға дейін халықты сумен қамтамасыз ету үшін ескі құдықтан су тасу мәселесін қарады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Қаракемер-Ақшатау-Ойыл.

Басқа жаңалықтар