ӘлеуметБасты тақырыпСпорт
АТ ЖАРЫСЫМЕН АЙШЫҚТАЛҒАН ОРАЗА АЙТ МЕЙРАМЫ
Саралжын ауылдық округінде алғаш рет Ораза айт мейрамы кең көлемде аталып өтті. Таңертеңнен құбылған ауа райына қарамастан ауыл тұрғындары мен жастардың қолдауымен өткен мерекелік шарада ауылдағы мекемелер мен кәсіпкерлер де қалыс қалмады.
Мейрамның ашылу салтанатында Саралжын ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиев саралжындықтарды мерекемен құттықтап, көпбалалы ана Екатерина Тоқмағанбетоваға күміс алқа табыстаса, ауыл ақсақалдары еліміздің тыныштығы мен әрбір тұрғынға, әрбір отбасыға береке тіледі. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бақберген Мұхамбетқали ізгі тілегін білдіріп, додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ауылдық клуб алдына арнайылап тігілген ағаш үйде қонақтарға ас берілді. Ауылда дүкені бар кәсіпкерлер көпшілікке қажетті тағамдар мен сусындар шығарса, балаларға тегін балмұздақ таратылды. Сонымен қатар 15 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Сол күні түстен кейін таңертемен басталған мерекелік іс-шаралар ұлттық ойындармен жалғасты. Арқан тартыс, қошқар көтеру, 15 жасқа дейінгілерге ешкі көтеру, аударыспақ, қол күрес, гір көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылды. Толығырақ тарқатсақ, гір тасын көтеруден Иманат Құдайбергенге тең келер ешкім болмады.
Ал, қол күресінен 90+ салмақта қараойлық Нармағамбет Бердалиев, 90 салмақ дәрежесіне дейін шұбарқұдықтан келген Жәнібек қарсылас шыдатпады. Айтулы мерекедегі тартысты доданың бірі арқан тартыс болды. Үшінші орынды 1991 жылғылар місе тұтса, екінші орын Шиқұдық командасы, қайратты да, қажырлы 1985 жылғы азаматтар бірінші орынды жеңіп алды. Ал әйелдер қатысқан арқан тартыста бірінші орын ауыл үлкендері, екінші орынға 1993 жылғы қыз-келіншектер жайғасты. Одан кейін бойында намысы қайнаған, білекті де, тақымды жігіттеріміз аударыспақтан сынға түсті. Бұл сайыс өте тартысты болды. Жиылған көпшілік әр спортшыны қызу қолдап отырды. Нәтижесінде қарсылас шыдатпаған қаракемерлік Қуанышбек Төлегенов бірінші орынды жеңіп алса, Бекен Әубәкіров екінші орынды қанжығасын байлады. Үшінші орын Тірекболсын Орақовқа бұйырды. Ешкі көтеруден Диас Сүйіндікұлы мықтылығымен көзге түссе, қошқар көтеруден Ақылбек Халелов жеңіс тұғырынан көрінді. Құнан бәйгеде оқ бойы оза шапқан Жанат Әбіловтың «Байторысы» мәре сызығын бірінші болып өтсе, Нарымтай Маратұлының «Суғұны» араға ат салмай екінші болып жетті. Мәре сызығына Әділбек Құрманғазиевтің «Қараторғайы» үшінші болып келді.
Ат спортын тамашалауға келген адам қарасы көп болды. Ат тұяғының дүбіріне делебесі қозған ағайын ат жалын тартып мінген әр балаға қолдау білдірді. Тай жарыстың қорытындысына келсек, Бекзат Сұлташевтың «Қоңырқасқа» атты тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтсе, Мұхит Рахатовтың «Нұртөбелі» мәреге екінші болып келді. Ал, Ерсұлтан Жандосұлының «Шәмші» атты тайы үшінші болып жетті.
Айт күніндегі ұлттық ойындар әрі қарай аламан бәйгеге ұласты. Бұл додада бірінші орынды жекенділік Ырзағали Есқалиевтің «Шапағаты» жеңіп алса, екінші орын Қуандық Ермашевтің «Жауынгері», үшінші орын Нұртас Бақытовтың «Ханторы» ие болды. Дүбірлі доданың соңында барлық спортшыларға қаржылай сыйлықтармен бірге мақтау қағаздары табысталды. Мерекелік шара соңында Саралжын ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиев Ораза айт мерекесін ұйымдастырып, демеушілік көрсеткен бірқатар ауыл азаматтарына Алғыс хат табыстады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.