Денсаулық

Массаж жасаудың маманы

Массаж жасау өнері 3000 жыл бұрын ежелгі Қытайда пайда болған. Кейін осы саланы дамыту мақсатында Қытай массаж жасау ісін оқыту мектептері ашылған. Қазіргі таңда массаждың адам денсаулығына берер пайдасы да мол, әрі сұранысқа ие.

Ауданда массаж жасайтын жас маманның бір – Назарбай. Өзінің арнайы білімі де бар. Қазіргі таңда Ойыл аудандық орталық ауруханасында мейіргер. Өз саласында жас болса да, ауданның денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі жетерлік.
1994 жылы наурыз айының он жетінші жұлдызында Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ақшатау елді мекенінде қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген Назарбай үйдің ортаншы баласы. 2000 жылдан бастап Ойыл ауданына қоныс аударып, қазір осы ауданның тұрғыны. 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығын алып шығады.
«Жалпы массаж мамандығын таңдауыма осы медицина оқып жүріп қызығушылығым оянды. 2018 жылы Ақтөбе қаласында балалар массажына арнайы курс оқып алдым. Кейін Ойыл аудандық ауруханасына қызметке орналастым. Осы медицина саласында жүріп, қосымша балаларға өзімнің массаж курсымды жасап бастадым. Қазіргі таңда барлық массаж түрін жасаймын. Көбіне 1 жаспен 5 жасқа дейінгі балалар келеді» — дейді массаж маманы.
Маман массаждың бала денсаулығына пайдасымен де бөлісті.
«Неге массаж жасау керек:
— нәрестенің жалпы дамуына пайдалы;
— қан айналымын жақсартады;
— дәрігер кейде байқамайтын нәрселерді көруге мүмкіндік береді;
— массаж жасау маманы анаға сәбиінің дұрыс дамуы үшін көптеген пайдалы кеңестер бере алады;
— үш айында алатын алғашқы массаж өте маңызды, маман болашақта даму дұрыс болуы үшін және дамуға байланысты проблемалар болмауы үшін ана мен баланы бағыттайды».

«Бір жасқа дейін массаждың барлық ауруларға пайдасы болады. Мысалы, кей неврологиялық ауруларға дәрі ішпей, массаж алған жақсы. Кейде бір бұлшық ет әлсіз, енді бірі қатты болуы мүмкін, сондайда бұлшық етті қозғап, босату керек. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, кез келген адам массажды ауырмай тұрып, алдын ала ағзаны«тазарту», қан айналымын жақсарту үшін алғаны абзал. Сонда ғана оның тиімділігі мен пайдасы мол болады. Нәрестеге сауықтыру жаттығуларын істеп, аурудың алдын-алуға мүмкіндік бар»- дейді Назарбай Мұхамбетқалиұлы.
Массаж ісіне қызығушылық танытқан ол осы кәсіппен үш жылдан бері айналысып келеді. Осы үш жылда маман тұрақты келушілерін қалыптастырған. Көбінесе буындарына тұз жиналып, қан қысымы көтеріліп, адам өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрі-дәрмексіз массаж арқылы емдеу әдісі қолданылатынын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, арқа мен дене бұлшық еттеріне жасалынатын массаж түрі жиі қолданылады екен. Балаларда кездесетін жамбас сүйегінің дисплазия­­сы, қисайған мойын, майтабан, бассүйек ішіндегі қысымды сауықтыратын массаждың небір әдісін меңгерген. Ал, ересектерге жалпы массаж, классикалық, остехандроз, емдік, оңалту массаждарын жасайды.
«Кез келген сала үнемі даму үстінде, мен де білімімді тереңдету үшін, 2021 жылдың қараша айында «Казакмед» клиникасынан «Ересектер мен балалар массажы» курсын оқып келдім.
Дегенмен де, менде массаж курсын қабылдайтын нәрестелер, яғни кішкентай балалар. Осы үш жылда менен Ойыл ауданының көптеген кішкентай бөбектері массаж курсын алды. Қазірде жалғасын табуда. Алла бұйыртса, массаж саласында өзімнің ойлаған арман мақсаттарым көп, солардың орындалуына ынтамен жұмыс жасауға тырысамын», — дейді.

 Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
 Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар