ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпЭкономика
«АУЫЛ АМАНАТЫ» -БЕРЕКЕЛІ ЖОБА
«АУЫЛ-АЙМАҚТЫ ДАМЫТУ ҮШІН ШАҒЫН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ ҚОЛДАУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ. «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕЛГЕ ҚАЖЕТ ЕКЕНІ АЙҚЫН КӨРІНДІ. ОНЫҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІНДЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРУМЕН ШЕКТЕЛІП ҚАЛМАУ КЕРЕК. ЖЕКЕ ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ ӨЗАРА БІРІГУІ ҚАЖЕТ. ОСЫҒАН ҚАЖЕТТІ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ КЕРЕК». ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ХАЛЫҚҚА АРНАҒАН «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ» ЖОЛДАУЫНАН.
Алдыңғы жылы облыста «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жоба. Оның мақсаты да ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Біздің ауданда жобаның орындалу барысы қарқынды жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты жемісі — халыққа берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие. Несиені жеке кәсіп иелері жекелей де ала алады. Немесе бір ауылдың бірнеше тұрғыны бірігіп, ауылдық тұтынушылық кооперативін құру арқылы да алуға да мүмкіндік бар.Бұл жобаға біздің ауданнан барлық ауылдық округ енгізілген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы соммасы 398,1 млн. теңгені құрайтын 130 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде құс шаруашылығының 46 жобасына 116,0 млн. теңге, өсімдік шаруашылығының 20 жобасына 42,7 млн.теңге, шағын бизнес саласының 64 жобасына 239,4 млн.теңге берілді. Ал құс шаруашылығы жобасына 2402 бас тауық, 1390 бас қаз, 1106 бас үйрек, 30 бас күркетауық алынды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өте қолайлы болып отыр. Әсіресе қора-жайы, егістік жері бар бірақ қаржысы жоқ тұрғындарға кәсіп бастауына оң ықпал етеді.
Бұл жобаға кез-келген ауыл тұрғыны қатысып өсімдік шаруашылығына, құс өсіруге, сүтті ешкі өсіріп, сүт, ет өнімдерін өңдеуге және де шағын бизнес саласында халыққа қызмет көрсететін көптеген кәсіп түрлерін дамытуға несие алып жұмыстарын жүргізуде. Жоба аясында ауылдың тұрғын үйлері кепілге алынып, қосымша кепілге жаңа автокөлік, тіркелген ғимараттар да алынды. Жылдық үстеме төлемі 2.5%-бен берілетін несие жеке кәсіпкерлерге 8625,0 млн.теңгеге дейін, ал кооперативтерге 27600,0 млн.теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бір жылға дейін демалыс уақыты беріледі», -дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ақмарал Есбатырова.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлер, Ойыл ауылдық округі бойынша ветеринарлық дәріхана ашқан Айшолпан Тапашева, кілем жуу орталығын ашқан Әсел Өтениязова, Қайыңды ауылдық округінен шағын наубайхана иесі Серікбай Мұқанов, Көптоғай ауылдық округінен сүт және жартылай дайын өнімдер бойынша Қарлығаш Зейноллаева, Қаратал ауылдық округінен нан, кондитер өнімдерін дайындайтын Гүлхан Қауметова сынды азамат пен азаматшаларды айтуға болады. Ал, биылғы жылғы өзгеріс мал шаруашылығына мал алуға несиелендіру басталды. Мал шаруашылығындағы несие берудің мерзімі – 7 жылға дейін. Несиенің көп сомасы 2,5 мың АЕК (8,6 млн теңге). Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы басталған уақытта мал шаруашылығына сұраныс көп болған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жобаға қатысушыларға қолдау көрсетіп, олардың өз өнімдерін сатуына мүмкіндік жасап жатыр. Ендігі жерде қатысушыларға облыс орталығында орналасқан «Табыс» коммуналдық базарынан орын беріледі.