Осындай тақырыппен өткен сейсенбіде аудандық мәдениет үйінде көктемнің алғашқы күнімен бірге келіп жеткен алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев елімізде тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты мерекесі алғыс айту күнімен барша ойылдықтарды құттықтап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзіндік үлестерін қосып келе жатқан бірқатар жандарға алғыс хаттар табыстады. Тарқатып айтсақ, ауданның қоғамдық-мәдени іс-шараларына белсене қатысқаны үшін Мәлік Мамедов, ауданда мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Қайсар Махметов марапатталса, ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Жұмазия Төремұратова мен Мөлдір Меңдібаева алғыс хат берілді. Сонымен қатар аудан көлеміндегі көркейту және санитарлық тазалық жұмыстарындағы қажырлы еңбегі үшін Бибатпа Орынбаева, мәдениет саласы бойынша Клара Байжиренова, Елена Пикалова, халыққа қызмет көрсету саласы бойынша Ойыл ауданының №18 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі бойынша Әлімжан Кенебаев, білім саласы бойынша Алена Ананьева, ауданның құқық қорғау саласы бойынша Дастан Бисебаевтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Келесі кезекте, «Достық» клубының мүшесі Елена Пикалова айтулы мерекемен құттықтау тілегін жеткізсе, ауданның әр саласында қызмет етіп жүрген жандар бейнебаян арқылы алғыстарын жаудырып, анаға, әкеге, ұстазға, дәрігерге, отанға деген ыстық лебіздерін білдірді. Әрі қарай аудан өнерпаздары «Әкеге алғыс», «Рахмет саған ана», «Шексіз алғыс», «Мың алғыс анаға» әндерін шырқап мерекелік шараға концерттік бағдарламамен үн қосты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.