Басты тақырыпМәдениет
Әйгерім «Ана әлдиі» бесік жыры байқауының жеңімпазы
8 наурыз Халықаралық әйелдер күні жақындаған сайын анаға деген құрмет тоқтаусыз жалғасып келеді. Қоғамдағы әйел затының алар орнын ұлықтаған мәдени-көпшілік шаралар осының куәсі іспетті.
Осы орайда «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Ана – жыр, ана — өмір шуағы» атты көгілдір от думан кеші өткізілді. Мерекелік дастархан басындағы думанды кешке аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин қатысып, барша аналар қауымын айтулы мерекелерімен құттықтады. Аналардың құрметіне арналып, кең көлемде өткен көгілдір от думанды кеш әсем ән мен мың мұралған бимен жалғасып, ақ дастархан басынан орын алған ақ жаулықты аналарымыз ақжарма тілектерін ақтарды. Әр отбасының ұйытқысы болып отырған аяулы аналар көтеріңкі көңіл күймен риясыз әңгімелерін алма кезек ағытты.
Айтулы шара «Ана әлдиі» бесік жыры байқауымен ұштасып, келіндер сынға түсті. Бесік дүниенің есігі десек, бүгінде бесіктен безініп жүрген кейбір олқылықтарды болдырмау үшін, ұрпақтың алдында тәрбиелік мәні бар байқаудың шарты бойынша аудан орталығынан және ауылдық округтерден келген келіндер бесік жырын айтудан сүрінбеді. Бәрі де бесік жырын ерекше орындап, қазақылықтың иісін аңқытты. Әр қатысушы жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жырының құдіреттілігін көрсетті. Тіпті құндақтағы сәбилерін әкеліп, әлдиімен ұйықтатып тастағандар да болды. Тәлімге толы бесік жырын бірі-бірімен қайталап орындап шыққандар да кездесті. «Тәрбие тал бесіктен» демекші ананың жүректен шыққан үнімен сәби күнінен ақ адамгершілік, адалдық қасиеттерді санасына сіңіріп өскен бала жаман болмайды. Сондықтан атамыз қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», — деп бекерге айтпаған. Баланың тәрбиесіне баса мән берген. Бүгінгі «Ана әлдиі» бесік жыры байқауы соның айшықты дәлелі екенін аңғартты.
Ендеше «Ана әлдиі» бесік жыры байқауының қорытындысына тоқталсақ, Әйгерім Масабаева бірінші орынды иеленді.
Муса Әділбайұлы,
Ойыл селосы.