Әлеумет
Жас шеберлердің табысы
Жақында Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз!» атты өлкетану сәндік-қолданбалы өнер шығармашылық көрмесінде қазақ халқының өнерін рухани жаңғыртып, ұлттық мәдени дәстүріне өз үлестерін қосып, қатынасқан Ойыл қазақ орта мектебінің үш бірдей оқушысы құр қол қайтпай, бірінші дәрежелі дипломды алып қайтты. Қазіргі таңда қазақи нақыштағы ою-өрнекпен әсемделген көрпелерімізге көбінің көзі түсіп қызығатыны рас. Міне осындай нақыштағы қыз жасауында сарқыт-кәде салуға ып-ыңғайлы, тәтті тәріздес қылып жасаған 9-шы сынып оқушысы Нұрбақыт Сағынғалиеваның жұмысы жоғары бағаланып, республикалық деңгейде өтетін жарысқа жолдамаға ие болды.
Әрине осы іске бас көз болып қастарына қолдау көрсетіп жүрген ұстаздары Рая Базароваға алғыстарын айтады. «Бізге үнемі ақылын айтып және білмеген жерімізді түзетіп, жұмысымызға серпін беретін технология пәнінің мұғалімі Рая Базарова. Біз көптеген дүниелер жасағанбыз. Соның ішінде, тігу жұмыстарын атқарып бірнеше жерлерге жарысқа қатысқанбыз. Дегенмен осы жарыстың тақырыбы қазақи дәстүрімізге үлес қосу керек болғасын, апайымыз бізге осы идеяны айтып сол ойды жүзеге асырып атсалыстық. Тынбай еңбектеніп тыраштанғанымыздың арқасында сәттілік серігімізге айналды деп ойлаймыз. Келесі жарыстың тақырыбы қандай болатыны белгісіз. Әзірше апайымыздан білмегендерімізді әлі де үйреніп өз-өзімізді дамытып жатырмыз. Болашақта осы істі қосымша жалғастыру ойымызда бар» — дейді шәкірттері. Осы тұста Рая апай да өзінің шәкірттеріне бір-екі ауыз сөз қоса кетті. «Бұл қыздарым өте қабілетті. Бұрында бітіріп кеткен оқушыларымның жұмысына қарап кейде ойланатын едім. Осындай дарынды оқушыларым бола ма екен деп. Әрине мен балаларды дарынсыз демеймін. Тек істі де қолынан келетіндер ғана тіге алады. Әр мамандықтың өзінің иесі болатын секілді бұл мамандықты да кез-келген адам жасай алмайды. Дегенмен қазір шүкір. Олардың орынын толтыратын осы салаға бар ынтасымен жұмыс атқаратын талпынысы жоғары шәкірттерім бірте-бірте көбеюде.Әлі талай жетістіктерге жетіп, көптеген жарыстарға қатысқанын қалаймын шәкіртерімнің» — дейді. Расымен де, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Рая апай осы саланы үйренемін деп келген баланың бетін қақпай, керсінше белін бууға тырысып жүр.
Өміргүл Темірхан.