ӘлеуметБасты тақырып
Ойыл толып келеді арнасымен…
Ойыл өзені ортайып бара жатса да әзірге ел өзегін жалғауға жарап тұр. Көктемде еріген қар суы үзілген өзенге дем бергенімен соңғы жылдары өзен мүлде тасымады. Оған жергілікті тұрғындар куә. Табиғаттың мұндай тылсым құбылысына тоқтау болар, тіпті қолдан келер әрекетіміз қәне?! Әрекетіміз өзен жағалауларын таза ұстап, қамыс-қоғаны шабумен шектеліп тұр. Сондай-ақ, мардымсыз болса да, бұлақтардың көзін аршу жұмыстарында қозғалыс бар. Одан басқа қолдан келер қайран жоқ. Шылау басып, батпаққа айналған кей тұстарды тазалауға шама бар ма? Адам түгілі қолда бар техниканың күші жетпейді. Сондықтан бұл өзекті мәселе аудан көлемінде ғана емес, Республика деңгейінде қозғалуда.
Әлеуметтік желіде желдей есіп, бөгеттер туралы тарап жатқан ақпарттар да жоқ емес. Әйтсе де оны арнайы зерттеу үшін құрылған комиссия бар. Көзбен көріп, куә болып жүргендер бөгеттің барын жоққа шығармайды. Десе де бөгеттердің көбісі өткен дәуірден қалған ескі бөгеттер. Су таси қалған жағдайда тасқынды ұстап қалуға бөгеу бола алмайды. Алайда арнайы комиссияның зерттеулеріне сүйенсек, Ойыл өзенінің бастауында өзенді бөгеп отырған ірі-ірі шаруашылықтар бар деген дәлелімен келісетін де тұстар көп. Осы тұста көршілес жатқан Қызылқоға ауданының еріктілері белсенді қызмет қылуда. Себебі 800 шақырым жерге созылатын Ойыл өзенінің соңғы сағасы Қызылқоға ауданына дейін барып, Тайсойған құмына сіңіп кетеді. Бір кездері өткел бермейтін өзен соңғы жылдары Қызылқоғаға мүлде бармады десек артық айтқандық емес. Арнасы кеуіп, қуаңшылық белең алды. Елге, жерге жаны ашитын азаматтар бұл мәселені жоғары деңгейде көтеріп жүр. Іргелес жатқан қос ауданның жанайқайын естір құлақ әзірге аз болып тұр! Бұған дейін өзен суымен несібесін арттырып келген ағайынның қазіргі мәселесін шешіп, нәтиже шығармаса да бұл күні жоғары билік тарапынан әйтеуір қозғалыс бар. Қозғалыс болғанда өзенді қалпына келтіруге қаражат қарастыру, зерттеу, зерделеу жұмыстарын қолға алу сынды жұмыстар. Осы проблеманы шешу мақсатында елдің бас көтерер азаматтары мен туған жердің патриоттары әлеуметтік желіде жазбалар қалдырып, түрлі деңгейде өзенді құтарып қалудың жолын іздеп дабыл қағып жүргені жасырын емес. Биыл міне көптің тілеуі қабыл болып, өзен жағалаған халықтың көз жасын көріп, «еститіндерден» бұрын тілегін бірінші «жоғарыдағы кісі» естіп қалып, көбесі сөгілген қарды күрт ерітіп, айналдырған үш күнде аспанның астын теңізге айналдырды.
Сонымен қатар, суға кету қаупі бар ауылдардың қатары көбейді. Айта кетсек, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекені қыр басынан қуалап келіп, ауылдың ішімен өтіп жатқан суды ауыздықтай алмай отыр. Үйім суға кетіп қала ма деген ауыл тұрғындарының үрейі әлі де сейіле қоймады. Сол секілді, Сарбие ауылдық округіне қарасты Қаракөл елді мекенінде де ауылды су басу қаупі бар. Көп жерлерде көтерме жолдардың үстімен су өтіп, шағын суағарлардың бұзылу көріністері белең алуда. Лиманды жерлерге су шығып, шаруа баққандарды қуантып отыр. Өзен суы да бұрынғы жылдармен салыстырғанда қардың суымен-ақ толысып, арнасын толтырып тұр. Енді өзен тасыса ырысымызды еселей түсері шүбәсіз. Әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, табиғат тылсым сыры адамзатты таңырқатпай қоймасы анық. Демек, қожанасырлау қазақтың айтқанындай, «Құдай берейін десе, терезеден де береді» дегеннің астарында да бір ақиқаттың жатқаны рас.
Р.S.
Ал, Ойыл ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімі бізге мынадай деректер ұсынып отыр. Ойыл ауданы бойынша су тасқыны кезеңінде (қардың еру салдарынан үй-жайларға су кіру қаупі және автокөлік жолдарына судың шығу деректер бойынша) ағымдағы жылы 17 хабарлама тіркелді (Ойыл селосы — 10, Көптоғай а/о-2, Қаракөл ауылы-1, Ақкемер ауылы-1, Ойыл-Ақшатау автожол-1, Ойыл-Қараой автожол-1, Ойыл-Көптоғай автожол «Шоқыбай»-1). Осы деректер бойынша 860 м3 су шығарылды, 345 құммен қапталған қапшықтар қар суын тоқтату үшін қойылып, қауіп жойылды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 2 100 м3 қар шығарылды, 55 жол асты су өткізгіштер құбырлары, 3 шақырым су ағар арығы тазартылды. Сонымен бірге ауылдық округтардағы елді мекендерде жергілікті атқарушы орган шаруа қожалықтармен бірлесіп табиғи су ағарларды тазарту жұмыстары жүргізуде.
Ауданда су тасқынына (Ойыл өзені тасу салдарынан) ықтимал 3 елді мекен( Екпетал, Қаратал, Қарасу) қауіпті аймаққа жатады. Жалпы 321 тұрғын үй бар, халық саны 1891 адам. Барлық тұрғын үйлер араланып су тасқыны кезінде іс-қимылдар жөнінде нұсқаулықтар беріліп, ескертпе парақшалар таратылды.
Жергілікті атқарушы органмен су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын-алу және жоюға 11 тонна жанар-жағар май, 3000 дана қапшық, 5 қайық, 13 су сору мотопомпалар, 40 тонна иннерті материалдар дайындалды. Техникалардан 1-погрузчик, 8-МТЗ-82, 2-ассенизатор, 1-газель, 1-автобус, 2-УАЗ дайындыққа келтірілді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.