Әлеумет

Су – тіршіліктіің тірегі және тілсіз жау!

Тоқсаныншы жылдары республикалық газеттің бетінен бір ғалымның «Келесі ғасыр – су ғасыры» болады деген сөзін көзім шалған еді. Сол уақытта ол сөзге біріншіден жастықпен, екіншіден біздің ауданда ондай мәселе болмаған соң, мән бермегенім рас. Өкінішке орай жыл өткен сайын сол ғалымның сөзі шындыққа айналып келе жатыр еді...

Соңғы үш жылда өңірдегі ылғалдың мөлшерінің мүлдем азайып кетуінен өзен-көлдердің тартылып, суалып қалуы Ойылдың да географиялық ұғымдағы нағыз шөлейт аймаққа айналып бара жатқандығын дәлелдей түскендей. «Өзегін жалғау» үшін өзеннің жағасын таба алмай, аңғарына қарап аңтарылып қалған Ойылдың төменгі жағындағы жұрт дабыл қақты. Бірнеше рет өзен бойын жағалап экспедиция ұйымдастырды. Былайғы уақытта ағысы баяу көлбей ағатын өзендердің қатарына жататын Ойылдың бойындағы бөгеттерді бұздыру туралы бастама көтерді. Әркім өз уәжін алға тартты. Үкімет тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тіпті, тіршілігі үшін өзен бойын жағалай қоныстанған шаруаларды кінәлап, судың тартылуына сеп болып отыр дегендер де табылды.
«Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» — дегендей, Тәңір көптің тілегін бір жылда берді. Алдымен күзгі нөсер жаңбырдың соңы қатты суыққа ұласып, тоңның қатуы үзіле жаздаған үмітті жалғай түскендей болды. Қыс қанша жұмсақ болғанымен, күзгі тоңды сәуірге дейін жібіте алмады. «Бір бейнеттің бір зейнеті» — дегендей, екі айға жуық қысқы жол қатынасының бейнетін көріп, мал азығының да түгесіле бастаған тұсында жабырқаған жұртты күннің күрт жылынып, көбесі сөгілмейтей көрінген қардың үш күнде үшті-күйлі «жоғалып», еріп кетуі тағы әбігерге салды.
Міне, аз күнгі «бейнеттің зейнеті» — деген осы. Отыз жылдан кейін бір кездері балығы «тайдай тулаған» асау Ойыл арнасынан асып, кенезесі кеуіп ерні кезерген елді тағы елең еткізді. Алдымен әдеттегі жылдардағыдай маңайдағы салалары құйып, арнасын толтырса, Ойылдың жоғарғы жақтағы салаларының ішіндегі бір ғана Бабатайдың буырқанып, аласұрған арнасын көріп, көп судың келе жатқанын сездік. Оның үстіне бұрындары қиылып сұрағанда бермейтін Қиылды да қоя берді. Бұл табиғат-анаға ешкімнің әмірі жүрмейтінінің куәсі. Әлеуметтік желі де жыл бойы жыр қылған бөгеттер бұзылмай-ақ, араға бірнеше жыл салып қайталанып отыратын құбылыс биыл орын алды. Бәлкім, табиғи құбылыстың арасы ұзаңқырап кеткен шығар… Өзенмен бірге үзіле бастаған үмітті жалғаған өрдің суы Ойылдың соңғы жылдарғы экологиялық ахуалын салалары бөгелгендіктен деген шешімнің де қате ұғым екенін көрсетіп отыр.
Әрине, отыз жылдан кейін келген суға ойылдықтардың қуанышы да шексіз. Көптоғайлықтар мен ақшатаулықтар да азды күн қатынассыз қалғанына налып отырған жоқ. Бірақ, судың «тілсіз жау» екенін ұмытпауымыз керек! Алдымен ешқандай безбенмен өлшенбейтін адам өмірі мен қолымызда бар мүлкімізді қорғап, жоғарыдағы кісінің де сақтанғанға сеп болатынын ескеріп, етек-жеңімізді жинақтап, бейқамдықтан ада болғанымыз абзал! Сондай-ақ, әнебір мысалдағыдай «Аққу, шортан, һәм шаян» болып, жел сөзбен бір-бірімізді әбігерге салып, әрлі-берлі тартпай, адамның игілігі үшін жіберген Алланың ырыздығын ынсаппен пайдалана білсек, кәні!
Бет қатталып жатқанда: Ағын судың арыны азайып, деңгейі түсіп, қауіп сейілді. Қауіптің алдын-алу үшін уақытша көшірілген Екпетал ауылының тұрғындары үйлеріне қайтты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар