Рухани жаңғыру
ОЙЫЛ МЕШІТІНДЕ ОРАЗА АЙТ ТОЙЛАНДЫ
АДАМНЫҢ РУХАНИ ЖАНЫ ДА, ТӘНІ ДЕ ТАЗАРАТЫН ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ АПТАНЫҢ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ АЯҚТАЛДЫ. АЛЛА ЖОЛЫНДА ЖҮРГЕН АУДАН АЗАМАТТАРЫ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІН АТАУСЫЗ ҚАЛДЫРҒАН ЖОҚ.
Ораза айт мерекесіне орай Ойыл аудандық мешітінде айт намазы оқылып, ораза айттың қадір-қасиеті туралы өнегелі-өрелі әңгімелер айтылды. Қасиетті мерекеде орталық мешітке халық көп жиналды. 30 күн оразаның сауабын арқалап, Алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат сәждеге бас тигізіп, аллаға құлшылық етті.
Намаз оқылмас бұрын ауданның бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы қасиетті мерекенің ерекшелігі туралы уағыз айтты. Содан соң мешітке жиналған мұсылман қауым тілін кәлимаға келтіріп, жүзін құбылаға бұрып айт намазына жығылды. Ораза Айт намазынан кейін жамағат арасында ұлттық ойындар басталды. Атап айтқанда гір тасын көтеру, қол күресі, күштік экстрим ойындары ойнатылды. Нәтижесінде гір көтеруден Ерсайын Дербісов алдына жан салмаса, қол күрестен Дулат Раушанов қарсылас шыдатпады. Ал, бұқа тартыстан Ерсайын Дербісов тағы да алға шығып, ептілігі мен күштілігін көрсетті. Ойын соңында бірінші орын иеленген жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге мешіт ауласында мерекелік дастархан жайылып, ұлттық дәм ұсынылды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.