Мәдениет

Отбасы-бақыт мекені

Отбасының береке - бірлігі жарасып, бақытты ғұмыр кешу жолында өзгелер қызығы да, қызғана қарайтындай қадамдар жасауы, ол көпшілік үшін насихаты жоғары үлгі деп білеміз. Сол себепті отбасының шағын мемлекет атануы да тектен-тек емес екені белгілі. 1994 жылы 15 мамыр - Халықаралық отбасы күні болып бекітіліп, түрлі мемлекеттерде қоғамның назары отбасыларға аударыла бастаған. Содан бері атаулы мейрам жыл сайын дәстүрінен жаңылмай аталып өтілуде.

Осы орайда «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапханадағы «Коворкинг» орталығында «Отбасы — бақыт мекені» атты мәдени шара өтті. Ауданымызда сыйластығы ұялаған, отасқандарына 60, 50, 40, 30, 20, 10 жыл толған үлгілі отбасылар бас қосты. Отасқандарына 60 жылдан асқан Еламан-Ұмсынай Оқаповтар кейінгі буынға өздерінің жүрекжарды тілегін бейнеқұттықтау арқылы жолдады. Жиналғандар қатарында мерейлі отбасы болуды дәріптеп жүрген отасқандарына елу жыл толған Меруенов отбасының қазыналы қариялары атанған Төлеген ақсақал мен Бибіш әжеміз және отасқандарына қырық жыл толған Шахметовтер отбасының Сайлау ата мен Майраш әжеміз бар. Отасқандарына 30 жыл толған Серік-Гүлназ Баймұхановтар, 20 жылдық мерейтой иелері Қуаныш-Гаухар Мергенбаевтар кеш барысында отбасында сақталған дәстүрлерімен, құндылықтарымен ой бөлісті.

Шаңырақ құрғандарына 10 жыл толған аға буын ізімен келе жатқан Алтынбек-Әсемгүл Шотовтар, Өркен-Гүлбаршын Ақеділовтер кеш барысында ақжарма тілектерін жеткізді. Шақырылған қонақтар эстафеталық дәстүрмен бата беріп, бірі келіндік жолын берсін деп «Ақ орамал» акциясын, бірі мерейтой иелеріне мәрмәр жиынтық сыйлады. Сонымен қатар мәртебелі меймандардың арасында жаңа ғана шаңырақ көтерген жас отбасылар кеш қонағы болды. Шараға арнайы қатысқан «АМАNAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин отбасыларды мерекемен құттықтап, мерейтой иелеріне аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар