Әкімдік

Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформа – Прези­дент­тің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағ­дар­ламасын жүзеге асыру үшін қол­ға алынған маңызды іс-шара. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен то­лық­тырулар жобасын белгілі заң­­гер-құқықтанушылар және конс­­титуциялық құқық саласы­ның ма­мандары әзірледі. Оған Конс­ти­туциялық Кеңес оң бағасын берді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:

  1. Суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу;
  2. Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
  3. Парламенттің рөлін күшей­тіп, мәртебесін арттыру;
  4. Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
  5. Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

«Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы республи­калық баспасөзде 6 мамыр күні ресми түрде жарияланды.

Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айыр­машы­лығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны анық.

Сондықтан жұртқа ұғынықты болу үшін бұл түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тар­мақ­тары көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген.

Суперпрезиденттік басқару үл­гісінен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу

Конституциялық реформа билік тармақ­тары арасындағы қарым-қатынас­тың тепе-теңді­гін және оңтайлы болуын қалыптас­тырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.

Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тар­мақ қосылады. Онда Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының Прези­денті өз өкілеттік­терін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия­да бол­мауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логи­каға сәйкес Конституция­лық Сот­тың, Жоғар­­ғы Соттың және өзге де сот­тар­дың төр­аға­лары мен судья­ларына, Орта­лық сайлау ко­­мис­­­сиясының, Жоғары ауди­тор­лық па­ла­тасының төрағалары мен мүшелері­не де осындай тыйым салынады (Конститу­ция­ның 23-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы). Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.

Мемлекет басшысы барлық азамат­қа тең мүмкіндік берілуі­нің мызғы­мас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Консти­туцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыс­тары мемлекеттік саяси қыз­метші­лердің, квази­мемлекеттік сектор субъектілері басшы­ларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.

Жұмыс тобы мүшелерінің ұсы­нысы бойынша Тұңғыш Пре­зи­денттің Президент лауазымы­на қатарынан екі реттен көп сай­лануына мүмкіндік беретін бап­тың (Конституцияның 42-бабы 5-тармағының жаңа редак­циясы), сондай-ақ Тұңғыш Пре­зи­денттің мәртебесі мен өкілет­тіктері Конс­титуциямен және конс­титу­циялық заңмен айқында­ла­тыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынып тасталмақ.

Конституцияның 91-бабынан Тұңғыш Прези­денттің тәуелсіз Қазақстанның негі­зін салушы деген мәртебесі туралы нор­ма алынып тасталады (Конституция­ның 91-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).

Конституциялық реформаның нәти­жесінде тиісті аумақтағы ахуал­ға жауапты жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дардың жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейеді.

Жобада Президенттің облыстар, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қол­данылуын толық немесе ішін­ара тоқтата тұратыны тура­лы құзыретін жою көзделген (Конс­титуцияның 44-бабы 3) тармақ­шасының жаңа редакциясы).

Сондай-ақ Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкім­дерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген (Конституцияның 87-бабы 4-тар­мағының жаңа редакциясы).

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.

Конституцияның 87-бабы 4-тармағы­ның жаңа редакциясына сәйкес енді олар­ды Президент облыс аумағында орналас­қан мәслихат депутаттарының немесе респуб­ликалық маңызы бар қа­лалардың және астананың мәс­лихат депутаттарының келісі­мімен тағайындайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсы­нып, дауысқа салады. Дауыс беру­ге қатысқан депутаттардың көпші­лігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.

Осылайша, жергілікті билікке қатыс­ты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдер­дің қолына жинақталады.

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу

Сенаттағы Президент квота­сы­ның саны 15-тен 10 депутатқа дейін азаяды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассам­блея­сы ұсынады (Конституцияның 50-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).

Сенаттың өкілеттігі бірқатар құқық­тармен толығады. Атап айтқан­да, Сенат Президент енгізетін Конститу­ция­лық Соттың және Жоғары Сот Кеңесі­нің төрағалары лауазымына канди­дат­тарды келісу құқығына ие болады (Конс­титу­цияның 44-бабы 4) тармақшасының, 55-бабы 2) тармақшасының және 82-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы).

Жалпы, Конституциялық Сот (қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына) құру арқылы конституциялық бақылау жасау институты жаңғыртылады.

Конституциялық Сот 11 судьядан тұрады (қазіргі Консти­туциялық Кеңестің 7 мүшесі бар).

Конституциялық Соттың құрамы мы­на­дай тәсілмен жасақ­тала­ды: 6 судьяны Пар­ламент (Мәжі­ліс пен Сенаттың әр­қай­сы­сы 3 судьядан), 4 судьяны Пре­зидент тағайындайды. Консти­ту­ция­­лық Сот­тың төрағасын жоға­ры­­да айтыл­ған­дай Сенат­тың келісі­мі­мен Президент таға­­­йын­­дайды (Конс­титуцияның 57-бабы 1) тар­мақшасының, 58-бабы 3-тар­мағы 7-тармақшасының және 71-бабының жаңа редакциясы).

Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгере­ді. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді (Конс­титуцияның 53-бабы 2) тармақ­шасы­ның жаңа редакциясы, 56-бабы 1-тар­мағындағы 3-1) жаңа тармақшасы).

«Мемлекеттік хатшы» инс­титуты «Мемлекеттік кеңесші» инс­титуты болып өзгереді (Конс­титуцияның 44-бабы 19-тар­мақшасының жаңа редакциясы). Ол Мемлекет басшысына ұсы­ныстар мен ұсынымдар әзір­леумен айналысады.

Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру

Конституциялық реформаның нәти­жесінде биліктің заң шығару­шы тармағы айтарлықтай өзгереді. Соның арқасында Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Пре­зи­дент Конституциялық Сот­тың және Жоғары сот Кеңесінің төр­ағаларын таға­йын­дау үшін Сенат­тың келісімін ала­ды. Сондай-ақ Президент Сенатқа 15 емес, 10 де­путат тағайындайтынын айт­тық. Оның 5-еуі Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның ұсынысы бо­йын­­ша тағайын­далады (Конс­ти­туцияның 50-бабы 2-тар­мағының жаңа редакциясы).

Осы орайда Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Мәжілістегі кво­тасы Сенатқа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депу­татқа қысқа­рады. Соған сәйкес Мәжіліс депутат­тары­­ның жалпы саны 107-ден 98-ге азаяды (Конституцияның 50-бабы 3-тармағының жаңа редакциясы).

Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни про­по­р­­ционалды және мажоритар­лы жүйе бойынша сайланады (Конс­титуцияның 50-бабы 3-тар­мағының жаңа редакциясы). Аралас сайлау жүйесі барлық азамат­тың құқықтарын толық сақ­­тауға, сайлаушылардың мүдде­сін қор­ғауға мүмкіндік береді.

Сайлаушылардың бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутат­тарынан мандатты кері қайтарып алу құқығы енгізіледі (Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакция­сы). Соның нәтижесінде демократия дәстүрлері нығая түседі, депутаттар мен сайлаушылардың арасында өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасады.

Мәжілістің құзыреті кеңейіп, рес­публикалық бюджеттің ат­қарылу сапасына парламенттік бақылау күшейеді. Ол үшін, бұған дейін айтқанымыздай, Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті Жо­ғары аудиторлық палата болып қайта құры­лады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының ал­дын­да есеп береді (Конституцияның 53-бабы 2-тармақшасының жаңа редакция­сы, 56-бабы 1-тармағының 3-1) жаңа тар­мақ­шасы). Бұл Мәжі­лістің және жалпы Парла­менттің мәртебесін одан әрі күшейте түседі.

Саяси жүйеде тепе-теңдік және теже­мелік тетіктерді нығайту және заң шығару жұ­мы­сын оң­тайландыру мақ­сатында Мәжі­ліске заңдарды қабыл­­дау (бұрын заң жобаларын қара­ған және мақұлдаған), ал Сенатқа заң­дарды мақұлдау не мақұл­дамау (бұрын заңдарды қабылдаған) құзы­реті бері­леді (Конституцияның 61-бабы 4 және 5-тар­мақтарының және 62-бабы 5-тар­мағының жаңа редакциясы).

Парламент конституциялық заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында, кемінде екі оқы­лым­да қабылдайтын болады (Конс­титуцияның 53-бабының жаңа редакциясы).

Айрықша қажеттілік туындаса, заң­дарды жедел қабылдау тәртібі енгізіледі. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағ­дайларға жедел ден қою мақ­сатында Үкіметтің заң шығару баста­масы арқылы енгізілетін заң жобалары Парламент Палата­ларының бірлескен отырысында шұғыл қаралады. Бұл заң жобаларын қарау кезінде Үкімет заң күші бар уақытша құқықтық-нормативтік актілер қабылдай алады (Конституцияның 61-бабы 2 және 3-тармақтарын толықтыру).

Бұл тәсіл елге төнген қауіп-қатердің бетін қайтару үшін билік тармақтарының бірлес­кен әрі шұғыл жұмысын үйлес­тіруге қажет. Оны қалыпты, күн­де­лікті жұмыс барысында қол­дану­ға болмайды. Бұл үдеріс Пар­ламент депутаттары мен Үкі­мет мүшелерінің өзара жауапкер­шілікке негізделген қарым-қаты­насы арқылы іске асады.

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту

Негізгі Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жан­уарлар дүниесі, басқа да таби­ғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Мен­шік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады (Конс­титуцияның 6-бабы 3-тар­мағының жаңа редакциясы).

Жоғарыда айтылғандай, Мәжі­ліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылады (Конституцияның 50-бабы 3-тармағының және 51-бабы 1-тармағының жаңа редакциясы). Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжі­ліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады (Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакциясы).

Облыстардың, республикалық маңы­зы бар қалалардың және астананың әкім­дерін Прези­дент өңірдің (қаланың) мәс­ли­хат­тарының барлық депутаттың келі­сі­мімен және баламалы негіз­де (кемін­де екі кандидатура ұсыны­лады) тағайын­дайтын болады (Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Осылайша, белгілі бір өңірдің дамуына жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару ісіне берілетін кепілдік нығая түседі.

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру

Жоғарыда баяндағанымыздай, Конс­ти­туциялық Кеңес Консти­туция­­лық Сот болып қайта құры­лады. Конституциялық Сот аза­мат­тардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекі­тіл­ген құқықтары мен бостан­дық­тарына тікелей қатысты Қазақ­стан Республикасының нор­­мативтік-құқықтық актілерінің Рес­пуб­­лика Конституциясына сәйкес­тігін қарай­тын болады (Конс­титуцияның 71-74-бап­тарының жаңа редакциясы).

Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық дең­гейде түпкілікті бекі­тіледі (Конс­титу­цияның 15-бабы 2-тар­­мағының жаңа редакциясы).

Прокуратураның құзыреті, оның жасақ­талуы мен қызмет тәртібі Конс­титуциялық заңмен белгіленеді (Конс­титуцияның 83-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қада­ғалауды күшейтуге тиіс.

Конституцияның жаңа 83-1-бабы­ның нормалары Адам құқық­­тары жөнін­дегі уәкілге иммунитет береді. Ол азамат­тардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мем­лекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сот­қа жүгіне алады. Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің құқық­тық мәртебесі мен қызметін ұйым­дастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады.

Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүм­кіндігін арттырады және саяси үдеріс­терді шын мәнінде демократияландырады деп толық сеніммен айта аламыз.

Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

Басқа жаңалықтар