Басты тақырып
ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕР – ЕЛДІҢ НЫШАНЫ
МЕМЛЕКЕТ ӨМІРІНІҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘНІ – ТӘУЕЛСІЗДІГІ. АЛ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЕҢ ҮЛКЕН БЕЛГІСІ САНАЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ БИЫЛ 30 ЖЫЛ ТОЛҒАЛЫ ТҰР.
Мемлекеттік рәміз – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын, мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін құнды белгі. Ол халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданған болатын.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі.
Біздің ұлттық Туымыз бүгінде БҰҰ штаб-пәтерінің үстінде желбіреп, әнұранымыз Олимпиадада және басқа да халықаралық жарыстарда шырқалады. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш!
Елбасы Н.Назарбаев «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген болатын.
Еліміздің әрбір азаматының бойынан рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.
Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке баршамызды біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады. Тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздеріміз дүниеге келген сәт – ерекше орын алады. Мемлекеттік рәміздер тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ізгі сезімдерді адамдардың жандүниесіне сіңіруге қызмет етеді. Қыран бейнелі көк туымыз, басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз, әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні, тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы ресми белгісіне айналып келеді.
Иә, Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ. Біз Тәуелсіздік тәбәрігін де, азаттық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз. Танытамыз! Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз – елдіктің нышаны, Әнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні!
Еліміздегі спортшылар түрлі сала бойынша көк туымызды әлем елдерінің алдына жоғары көтеруді мақсат етеді. Талайы байрақты бәсекеде, бүкіләлемдік олимпиадаларда ел мерейін үстем етіп, мемлекеттік нышанымыздың төрден көрінуіне сеп болып келеді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ондай жастар біздің аудан да жетерлік.
– Ақжолтай спортшылар үшін жарыстардағы жеңістері мен жеткен жетістіктері үйреншікті дағды болып кетуі мүмкін. Ал, сол мерейлі сәтте өз жеңісіңмен Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып тұрғаныңды сезіну – бір бөлек, – деген еді қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы, жерлесіміз Ұлан Мұқашев.