Басты тақырып
ТАЗАЛЫҚ ТА ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ!
Осы айдың басында жарияланған көктемгі екі айлық «Тазалық айлығы» ауданның алтын қақпасы саналатын Саралжын ауылдық округінде арнайы жасалған жоспарға сай жүргізілуде. Округ әкімі Марат Тәжіғалиев шаруа қожалық иелерін тазалық айлығына яғни ауылдағы тазалық жұмыстарына атсалысуға шақырып, техникаларын шығаруды ұйымдастырды. Жеке тұрғындар қыстан қалған малдың қиын шығаруға енжарлық танытпай техниканың барында арнайы қоқыс төгу орнына жеткізуге белсенділік танытты. Нақтырақ айтсақ, жолдың жиегіне тұрмыстық қалдықтарды көршілес Қобда ауданымен ұштасатын аумаққа дейін және көктемгі су тазалығы кезінде сумен бірге шығып қалған қоқыстарды яғни Ойыл, Қиыл өзендерінің ауылға жақын маңдарын тазалады. Ал, округ пен елді мекендердің көше тазалығына мекеме қызметкерлері жұмылып, туған жердің тазалығына үлестерін қосуда. Бұл жұмыстарға 60 жуық адам шығып, 3 трактор, 1 ауыр жүк көлігі жұмылдырылып 75 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Тазалық айлығын тиянақты атқарып жатқан ауыл азаматтары «Туған жерге тағзым!» акциясына биыл алғашқылардың бірі болып атсалысты. Мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған 1965 жылы туған азаматтар балабақша ауласына он түп жеміс ағашын отырғызып берді. Оның алты түбі алма ағашы болса, төрт түбі өрік ағашы. Бұл игі іспен шектелмеген азаматтар енді «Балалар жылына» байланысты ауыл балаларына арнап ойын алаңын салып беруді жоспарлап қойған.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.