Мәдениет
«Мемлекеттік рәміздер- елдігіміздің нышаны»
4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде қабылданған болатын. Осы атаулы күнге орай өткен жұма орталық саябақта «Мемлекеттік рәміздер- елдігіміздің нышаны» атты салтанатты шара өтті. Егемендіктің ең басты белгісі, тәуелсіздігіміздің нышандарына құрмет көрсетілді. Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап,
-«Мемлекеттiк рәміздер — еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі саналады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер — қастерлі! Ал, әр азаматтың Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі — өз-өзіне көрсеткен құрметінің, болашағына деген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезімінің көрінісі»- деп, ыстық лебізін білдірді.
Ел құндылығын дәріптеп, мерейін асқақтатуды мақсат еткен шара одан әрі дарынды өнерпаз балалардың ән-биіне ұласып, ауданымыздың белгілі өнерпаздарының патриоттық ән-жырларымен өрілді. Сондай-ақ, бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мерекеге орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен велошеру өткізілді. Орталық саябақтан бастау алған велошеруде аудан жастары еліміздің туын желбіретіп Жолмырзаев көшесімен жүріп өтті.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.