Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру

Сағынышты сазды кеш Ән мен сыйға толы болды

Жерлесіміз, әнші, баяншы Ойыл жұртшылығына Мұқан атымен танылған Мұхамбетқали Сатыбаев 70 жасқа толды. Өмірінің 30 жылға жуық уақытын Ойылдың мәдениетін дамытуға арнаған ағамыз 70 жас мерейтойына орай киелі Көкжар жұртшылығына «Жәрмеңкелі Көкжардың түлегімін», - атты жеке шығармашылық ән кешін ұсынды.

Аудандық мәдениет үйін қоңыр үнімен тербеген кешті Мұқан ағамыздың өнерде де, өмірде де үзеңгілес досы, ақын Нұрлыбек Қалауов жүргізді. Айтулы кеште «Мұқанның әндерін сағына келдік», — деген тыңдармандар көп болды. Ойылда 28 жыл мәдениет саласында еңбек еткен Мұқамбетқали Сатыбаев қалаға барып №21 мектеп гимназиясында музыка пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққанша үйірме жұмысын жүргізген. 20 жылдың ішінде 683 шәкірт тәрбиелеген. Мектепаралық байқаудың жүлдегерлері 397, мерейтойлық атаулы байқаулардың жеңімпаздары 104, қалалық байқаулардың жеңімпаздары 76, аймақтық байқауларда 38, республикалық байқауларда 19 шәкірті бәйге алған.
Өнердегі шығармашылық жолын 1969 жылы 17 жасында Ойыл деген өнерлі ордадан бастаған. Сол кезде алғаш рет Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әкеме» деген әнін орындаған. Осы кеште де сахна шымылдығын өмірлік темірқазық жұлдызы болған осы әнмен түрді. Мағынасы терең, халықтың жадында мәңгі өлместей сақталып, жүрек тебірентер әндерге сусаған жұртшылық әншіге деген құрметін, ыстық ілтипатын тоқтаусыз соғылған шапалақтарымен жеткізді. Әрі қарай кеш «Ойыл толқыны», «Қаздар қайтқанда», әндерімен жалғасып, қоңыр дауыс пен баян үні тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды. «Ойылдың Шульгасы» атанған ұстазының мерейін асырып, шашпауын көтеріп келген шәкірті Медет Оразаев екеуі бірге де, жекелей де бірнеше халық әндерінде тамаша орындады. Шәкіртімен бірге әнді айтқан сайын бабына түскен жүйріктей кешті одан әрі қыздыра түсті.
«Көкжар бойында үлкен мәдениет қалыптасқан. Ол, осы ән мен өнердің мәдениеті. Осы жерде кешегі Мұхит, Ғарифолла мен жәрмеңке тұсында Қызылдың ән мектебі қалыптасты. Көкжардың киелі топырағынан қаншама ақын, әнші, күйші, жыршылар шықты. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», — деп Ойылды өнердің ордасы екенін ақтарыла айтқан ақын ағамыз Нұрлыбек Қалауов жан-жақты мәліметтер беріп, Мұқан Сатыбаевтың өнер жолындағы қызықты сәттері мен жетістіктерін мақтанышпен жеткізді.
Кеш соңында Мұхамбетқали Сатыбаевты мерейлі жасымен құттықтаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев қаржылай сый-сыяпатын ұсынып, «Ойыл ауданына 100 жыл» медалін тақты. Сонымен қатар көрермендер қатарынан арнайы ыстық лебіздерін білдіріп, өткен шақтағы қызықты сәттерімен бөліскен ағайын әншіге шапан жауып, шексіз құрмет көрсетті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар