ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

ЕҢБЕК ЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ОЙДАҒЫДАЙ ӨТТІ

Қуаныш Ержанов – Облыста қой шаруашылығын өркендету ісіне елеулі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері. Ұзақ жылдар бойы өмірінің соңына дейін Ойыл ауданындағы Шығанақ Берсиев атындағы кеншарда аға шопан болып еңбек еткен. Қазақстан Компартиясының ІХ, Х, ХІІ және Кеңес Одағы Комунистік Партиясының ХХІІІ съезіне делегат болған. Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» медалімен, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл ту, Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
Жуырда ауыл шаруашылық саласының майталманы, атақты шопан Социалистік Еңбек Ері Қуаныш Ержановтың туғанына 110 жыл толуына орай оның туған жерінде 2010-2012 жылғы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Қуаныш Ержановтың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары қатысты. Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты Құмжарған ауылында өткен турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі кезекте ұрпақтар атынан сөз алған Нұрлан Ержанов ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің басшысы Балқия Рысбаева айтулы тұлғаның өмір жолына қысқаша тоқталып өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған облыстық жарысқа көршілес облыстардан да жас балуандар келді. Бозкілем бәсекесіне Ақтөбе қаласынан 2 команда, Хромтау, Темір аудандарынан және Ойыл ауданынан бес команда қатысса, Батыс Қазақстан облысынан келген жас палуандар да өз мүмкіндіктерін байқап, бапкерлерінің сенімін ақтауға барын салды. Боз кілемдегі балуандар кездесуін тамашалауға жиналған көрермен тартысты күрестің куәгері болды. Әр балуан қарсыласына есе жібермеуге тырысты. Ал, облыс орталығындағы спорт мектептерінен келген балғын палуандар өздерінің осал еместіктерін көрсетті. 20-47 кг-нан жоғары салмақ дәрежелерінде сынасқан балалардың арасынан бағы да, бабы да шапқандар жүлдеге ие болды.
20 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын  Әли Жұмабекке берілді. Екінші, үшінші орындарды Алдияр Әліби, Айсұлтан Оразов, Бекет Батырғалиев өзара бөлісті. 21 кг салмақта Ермұхамбет Смағұл, 27 кг салмақта Нұрасыл Әміров, 44 кг салмақта Ақниет Шыңғу өзге қарсыластарынан оза шауып бірінші орынды иеленді.
Хромтаулық Арсен Асқар 30 кг салмақта, Ислам Есентүгел 38 кг салмақта ешкімге дес бермесе, амангелділік балуандар 33 кг салмақта Дәулет Бітімбаев, 36 кг салмақта Ердәулет Бақытжанов, ал ойылдық жас балуандардан 24 кг салмақта Самұрат Жалғасов, +47 кг салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Жұбатқан сынды спортшылар бірінші орынды қанжығаларына байлады. Жерлестерінің қолдауымен қанаттанған құмжарғандық жас балуандар да жеңіс тұғырынан көрініп, жерлестерінің абыройын асқақтатты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы

Басқа жаңалықтар