Спорт
Амангелдінің «Атымтайлары» айтулы жарысқа ұйытқы болды
Нариман Болысбаев бұрын еркін күрестен Ойылдың намысын қорғап жүрген жігіттердің алдыңғы легінде көзге түсіп жүретін-ді. Талай топқа түсіп, боз кілемде бабы мен бағы қатар жанып, күресті жанына серік етті. Уақыт өте келе, Көптоғай ауылдық округіне қарасты, Амангелді елді мекеніне барып, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ашылған еркін күрес бөлімінен ауылдың қара домалақтарын жаттықтыруда. Бұл демографилық өсімі жоғары ауылдың балалары үшін күреспен шұғылдануға үлкен сұраныс, үлкен мүмкіндік болды.
Наримандай жас жігіттің ауыл балаларын күреске баулу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қазір арада 6 жыл уақыт зу ете түсті. Жасалған еңбек пен төгілген тердің нәтижесі жаман емес. Оның дайындаған балаларының алды облыстық спорт интернаттарында білім алып жатыр. Тіпті араларында облыстық, республикалық додаларда топ жарып, спорт шеберлігіне үміткерлер де бар. Ауыз бірлігі жоғары ұйымшыл ауылдың азаматтары Нариманға қолдау білдіріп, балаларын еркін күреске беріп, бүгінде соның жемісін көруде. Амангелді орта мектебінің директоры Жайлау Сүндетов
Жуырда Нариман Алпысбайұлы 1 маусым балаларды қорғау күніне орай, Амангелді ауылының жүлдесі үшін 2008-2010 жылы туылған және 2011-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық турнир өткізді. Облыстық турнирге Темір, Хромтау, Мартук аудандарынан, Ақтөбе қаласынан және Құмжарған, Көптоғай, Берсиев, Ақшатау, Ойыл, Амангелді елді мекендерінен 12 килограмм салмақта 170 балғын палуан қатысты. Ата-аналар мен ауылдың спорт жанашырлары демеушілік көрсеткен қаражаты есебінен өткізілген шараға ауданның спорт саласында қызмет етіп жүрген саңлақтары турнир төрінен төбе көрсетті.
Айтулы турнирдің алғашқы күнінде 2011-2013 жылы туылған жасөспірімдер 7 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде бақтарын сынады. Амангелді ауылының жүлдесі үшін арнайы әзірленген белбеуге қол жеткізу үшін кіші жастағы палуандарымыз барын салып күресті. Бірі-біріне есе жіберіп алған жасөспірімдер көздеріне жас алып, намысты қолдан беріп алмауға тырысты. Нәтижесінде 23 килограмм салмақ дәрежесінде ойылдық Самырат Жалғасов, 26 килограмм салмақ дәрежесінде ойылдық Ғафур Алтаев, 29 килограмм салмақ дәрежесінде амангелділік Ерсұлтан Мұратов, 32 килограмм салмақ дәрежесінде хромтаулық Айбар Рятов, 35 килограмм салмақ дәрежесінде амангелділік Мейіржан Берекет, 38 килограмм салмақ дәрежесінде амангелділік Ислам Мақсатов, 53 килограмм салмақ дәрежесінде ойылдық Ақжол Алтай жеңімпаз атанды.
Турнирдің екінші күнінде 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер 5 килограмм салмақ дәрежесі бойынша тартысты күресті. Жүлдегерлерді айтпағанда амангелділік балғын палуандар тұғырдан көрінді. 32, 35, 38, 44, 53 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Мамыр Ұланұлы, Арыстанбек Қаржау, Саят Сисенбайұлы, Мерей Үйілбаев, Берік Изимов турнирдің жеңімпазы болды.
Ата-аналардың демеушілігімен өтті. Жақсы күрескен палуандарға ауылдың атымтай азаматтары 1987 жылғы, Ойылдың 1992 жылғы туылған жігіттер ақшалай демеушілік көрсетті. Сонымен бірге белгілі кәсіпкер Қуаныш Қыстаубаев ауылдың балдарынан күреске баулып жүрген Нариманға 50 мың теңге қаржылай сый ұсынып, облыстық турнирде тұғырдан көрініп, жақсы күрескені үшін Берік Изимовқа тай мінгізді. Міне жомарттық, мәрттік дегенің осы емес пе. Сонымен бірге мектеп директоры да жекелей демеушілігін көрсетіп, спорттың дамуына өзіндік үлесін қосты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Амангелді-Ойыл.