Спорт

Спорт кешенінде қысы-жазы шынығуға мүмкіндік бар!

Биыл ойылдықтарға үлкен қуаныш сыйлаған дене шынықтыру-сауықтыру кешені көктемнен бастап тұрғындарға есігін айқара ашты. Бүгінгі біздің айтпақ әңгімеміз де халықтың саулығы үшін салынған сәулетті ғимарат жайында өрбімек. Өйткені дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұрын-соңды аудан тарихында болмаған 25 метрлік хауызы бар. Мұндай игі істі жүзеге асыру тек біздің аймақта ғана емес, басқа аймақтарда әлі де болса кезегін күтіп тұрғаны анық. Сондықтан біз оны Тәуелсіздік тарту еткен сый деп білеміз. Себебі облыс орталығынан шалғай жатқан аудандар да мемлекет қамқорлығын сезінуі тиіс.

Әңгімеміздің басына қайта оралсақ, Ойыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені аудан орталығына сән беру үшін емес, бұқаралық спорттың өрісін кеңейтуге арналған қадам. Материалдық базасы заманауи үлгіде жабдықталған спорт кешенін «Сұңқар құрылыс LTD» ЖШС-і салды. Заманауи стандарттарға сай салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені балаларды жаттықтырумен қатар, қосымша ересектерге ақылы қызмет көрсетуге қауқарлы. Қазіргі таңда дзюдо, карате, суда жүзу, үстел тенисі, волейбол сынды спорт түрлерінен жаттықтыруда. Қосымша жаттығу залы да бар. Мұндағы басты ерекшелік суда жүзу спорты болып отыр. Оған қызығушылық танытып отырған жандар жетерлік. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің меңгерушісі Марат Арыстановтың айтуынша, суда жүзуден ақылы қызмет көрсету кестесі аптаның әр күніне белгіленген. Нақтырақ айтсақ, бір айға есептегенде 12 мен 18 жас арасындағы жасөспірімдерге аптасына бір рет қатысу 1600 теңге, екі рет қатысу 3200, 3 рет қатысуға 4800 теңге болса, ересектерге аптасына 1 рет қатысуға 2800 теңге, екі рет қатысуға 5600 теңге, үш рет қатысуға 8400 теңгені құрайды.
Сондай-ақ жеке бапкермен жүзуді үйрену үшін де қызмет көрсетуге дайын. Екі суға жүзу жаттықтырушысы мен арнайы құтқарушы бар. Хауыздың суы уақытында тазартылып, суын таза сақтау инженерімен де қамтылған. Енді сүмбіледе су сығанымен қыс бойы хауызда шомылуға мүмкіндік мол. Ойын балалары түс әлетінде ата-анасынан жасырынып, суға жүзу үшін өзен жағаламайды. Бұл жер бала өмірі үшін тілсіз жаудан қауіпсіз деуге толық негіз бар. Хауызға түсу тәртібі мен ережелеріне кезек берсек, алдымен медициналық анықтама болуы шарт. Ер адамдарға дерматолог, өкпе қуысын түсіру, нәжісті ішек құртының қортындысы, терапевтің қорытындылар міндетті түрде болуы керек. Ал, әйел адамдарға дерматолог, өкпе қуысын түсіру, нәжісті ішек құртының қорытындысы, терапевт, гинекологтың қорытындылары қажет. 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға участкелік дәрігерден нәжісті ішек құртының қорытындысы, энтербиозға жүргізілген зерттеулердің нәтижелері керек. Медициналық зерттеулердің мерзімі 6 айға жарамды. Абонементті хауыз дәрігері куәландырады. Сондай-ақ, өзіңізбен бірге екінші аяқ киім, шомылу костюмі, шомылу бас киімі, сүлгі және душқа түсу гигеналық заттары болуы тиіс. Жүзіп үйренемін немесе осы спортты жеке басым үшін әрі қарай дамыта түсемін деген жандар жоғарыдағы талаптарды сақтасаңыз болғаны. Бұл талаптармен құба-құп келіскеніңіз жөн. Өйткені жеке бастың саулығы өзіміз үшін керек. Бұл дегенің алдымен тәртіп, екіншіден жеке бас саулығы үшін жасалған қадам.
Аталған спорт кешені аудандағы спорттың дамуына серпін береріне сеніміміз мол. Оған қоса аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтап, әртүрлі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін жаңа нысан – халықтың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырады сөзсіз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар