Басты тақырып
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеу қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастамасымен және Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеру және мемлекеттік қызметшілердің шығармашылық қабілетін дәріптеу мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілер арасында «Поэзия – образ, поэзия — өлең» атты 2 кезеңнен тұратын облыстық конкурс ұйымдастырылды.
Аталған конкурсқа 50-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып, конкурс комиссиясының бағалауымен 10 мемлекеттік қызметшіге екінші кезеңге жолдама берілді. Екінші кезеңге ауданымыздың 2 мемлекеттік қызметшісі Қараой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Айтқалиев мен Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ақтоты Таңатарова өткен болатын. Конкурс ережесі бойынша екінші кезеңде қатысушының орындаған поэзиясына сәйкес сахналық қойылым көрсетілуі ұсынылды.
Аталған кезең ағымдағы жылдың 17 маусым күні өткізіліп, мемлекеттік қызметшілер Нұрлан Айтқалиев І.Жансүгіровтың – Құлагер поэмасынан үзінді (Серінің құлагерді жоқтауы) оқыса, Ақтоты Таңатарова Мұхтар Шахановтың «Мені неге Мұхтар қойған?» (Мұрат Әуезовке) поэзиясын оқыды. Сонымен қатар сахналық қойылымға қосымша мемлекеттік қызметшілер қатыстырылуға мүмкіндік берілгендіктен, сахналық қойылымға Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Иманғалиев, Ойыл ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ә.Кереев, Ойыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Э.Жақсығалиева қатысып, поэзия образындағы рөлдерді сомдады.
Конкурс нәтижесінде жоғары дәрежеде өнер көрсеткен Қараой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Айтқалиев «Бас жүлде» жеңіп алып, 100 мың теңге сертификатын иеленді. Ал Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ақтоты Таңатарова конкурсқа белсене қатысқаны үшін Алғыс хат пен 10 мың теңгемен марапатталды.
«Поэзия – образ, поэзия – өлең» атты облыстық конкурсқа қатысып, жүлделі оралған және белсенділік танытқан мемлекеттік қызметкерлерді марапаттарымен құттықтаймыз.
Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Зейнұр Берғалиев 90 кг-ға дейінгі мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық біріншілікте гир көтеруден облыс чемпионы болды.