Басты тақырып
Суретшіні жерлестері еске алды
Өткен жұма күні Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихи музейінің ұйымдастыруымен экслибрист және графикшы, жерлесіміз Әнуар Жұмағалиұлы Өтеген-Тананың 80 жылдық мерейтойына арналған «Сүретші, графикшы, қылқалам шебері Әнуар Өтеген-Тананың туғанына 80 жыл» тақырыбында сурет көрмесі мен танымдық шара өтті. Шараға жерлесіміздің қарындасы Жібек Жұмағалиқызы және ұлы, жиені бірге қызметтес болған жандар мен шәкірттері, ойылдық азаматтар қатынасты.
Көрме және танымдық шараны музей директоры Балқия Рысбаева ашып, тағылымдық іс-шараның басты мақсатына тоқталып, оның мәні мен маңызы жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Әнуар Өтеген-тананың еңбектерінен көрме жасақталып, көрме шараға келушілерге таныстырылып өтті. Шараға келушілер өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, естелік әңгімелерімен бөлісті. Шара барысында арнайы Әнуар Өтеген-тананың өмір деректері мен қызметтері қамтылған бейнеролик көрсетіліп, таратпа парақшалар үлестірілді.
Осы орайда шараға арнайы қатынасқан Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев сөз сөйлеп, суретшінің ұрпағы Нұркен Әнуарұлына, сыйлық табыс етті. Өз кезегінде музей қорына естелік ретінде Әнуар Өтеген-тананың туындысын тарту етті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен шараны әрледі.