Көптөғай ауылы — ажарына ажар қосып, мемлекет тарапынан қолдау тауып келе жатқан ауылдардың қатарында. Жөндеу жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселген Көптоғайдың көркі кіріп қалыпты. Жол белгілері мен көше атауларын бағыттайтын белгілер үлгі тұтуға тұрарлық.Ауылдың іші мұнтаздай таза. Көшелері жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолақтары, жолда жүру белгілері мен тұрмыстық қалдықтарды салуға арналған арнайы қоқыс жәшіктері (урналар) қойылған.
«Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар біршама. Жоба аясында Достық, Қазақстан, Тәуелсіздік, Астанаға 10 жыл көшелеріне жалпы ұзындығы 2,8 км болатын сметалық құны 158000,0 мың теңгені құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшелерге арнайы жолақтар мен жол белгілерін салу сияқты жұмыстар да осы тұста атқарылды.Осы ретте, көше бойына арнайы белгілер, жаяу жүргіншілер үшін 40 жолбелгілері де қойылды.
Айта кетейік, «Ауыл — Ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Алдағы уақытта ауылды көркейту жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады.