ӘлеуметБасты тақырыпМәдениетРухани жаңғыруСпортЭкономика
«СЫБАҒА» — ҰЛТ МҰРАСЫНЫҢ АПТАЛЫҒЫ
2-6 ЖЕЛТОҚСАН ОБЛЫСЫМЫЗДА АЛҒАШ РЕТ «СЫБАҒА» ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІҢ АУҚЫМДЫ ФЕСТИВАЛІ ӨТКІЗІЛДІ. БЕС КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ДӘСТҮРЛЕР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРДІҢ СӘН КӨРСЕТІЛІМІ ЖӘНЕ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ «ДӘУІР ДЕФИЛЕСІ» КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ. АҢШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН ДӘРІПТЕЙТІН «САЛБУРЫН» ЖАРЫСЫ, СОНДАЙ-АҚ ТАҒАМДАР КӨРМЕСІ ДЕ КӨПШІЛІКТІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРДЫ. ФЕСТИВАЛДІҢ СОҢҒЫ КҮНІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫМЕН ҚОРЫТЫндыЛАНДЫ.
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ НАСИХАТТАЛДЫ
Облыста алғаш рет ұйымдастырылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің екінші күнінде «Дәстүр дефилесі» ұлттық киімдер сән шеруі өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығы фойеде жасақталған қолөнер көрмесімен ашылды. Келушілер Ойыл қазақ орта мектебі, Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы, аудандық оқушылар үйі, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығы жанындағы «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулілер клубының мүшесі Гүлсім Елекбаеваның қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдарын, көрпе-көпшіктерді, оқушылар жасаған моншақты картиналарды тамашалап, ұлттық асымыз бауырсақ пен дәмі тіл үйірер айраннан дәм татты.
Ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында өткен сән көрсетілімін Ойыл мәдениет үйі, жастар ресурстық орталығы, аудандық балалар музыка мектебі мен оқушылар үйі ұйымдастырды. Ұлттық киімдер шеруін шапан киген ерлер бастады.
Бүрмелі көйлек пен камзол киген қыздар, кимешек бас киіміндегі аналар жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Қызыл кілем бойымен жүріп, ұлттық киімнің шығу тарихы айтылды. «Дәуір дефилесінің» негізгі мақсаты ұлттық киімнің маңыздылығын айшықтау, тарихымен таныстыру, ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялату болып табылады. Шара соңы әуезді әнмен жалғасын тапты.
ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА ҰДАЙЫ ҚОЛДАУ КЕРЕК!
«Сыбаға» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен ерекше көңіл бөлініп, садақ ату мен асық ату сайысы ұйымдастырылды. Бұл шаралар қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғыртып, жастарды ұлттық құндылықтарға баулуды мақсат етеді. Қатысушылар садақ атуда мергендіктерін сынап, асық атуда шеберліктерін көрсетті.
Жалпы сайысқа 32 спортшы қатысты. Садақ атуда қатысушылар 5 топқа бөлінді. Әр топтан шыққан жеңімпаздар финалда өз ара шын мықтыны анықтады. Құралайды көзге атқан мергендеріміздің арасындағы сайыс тартысты өтті. Көрермендердің қолдауы ұлттық спортымыздың болашағы жарқын екенін байқатты. Бәсекеге толы сайыстың нәтижесі бойынша I-орын Құрал Дүйсенғалиев, II-орын Бақытбек Шойынов, III-орын Бекзат Әліпқалиев ие болды.
Одан әрі асық ату ойыны жалғасын тапты. Жұпқа бөлінген қатысушылар тартысты ойын көрсетті. Әр жұптан шыққан жеңімпаздар өз ара сайыс арқылы шын мықтыны анықтады. Финалдық кезеңде бабы мен бағы жарасқан Нұрлыжан Мұқашев сайыс жеңімпазы атанды. II-орынға Нұрлан Ешімов, III-орынға Нұрлан Майлыбаев ие болды.
“БЕРЕКЕ КҮНІ” ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ
«Сыбаға» фестивалінің «Береке» күні аясында ұлттық тағамдар мен ұлттық өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарын насихаттау, олардың күнделікті тұрмыста пайдаланып ас мәзіріне қосу болып табылады.
«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында өткен көрмеге аудан орталығынан «Аналар кеңесі» мүшелері мен ауылдық округ әкімдіктері қатысты. Шараға қатысушыларға күнделікті тұрмыста ұмыт болып бара жатқан еттен, ұннан, дәнді-дақылдан жасалған өнімдер мен ұлттық сусын түрлері ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Дастарханға бас тағамнан бөлек, қуырдақ, бауырсақ, құрт, ірімшік, көже, қазы және басқа да ұлттық асымыз қойылды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев «Сыбаға» фестивалінің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық тағамдарды дәріптеуге үлес қосқан әр азаматқа алғысын білдірді.
Көрмеге келген барша қатысушылар әзірленген тағам түрлерінен дәм татып, ұлттық тағамдардың жасалу жолы мен шығу тарихымен танысты.
P.S АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН «БЕРЕКЕ» ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ БІЗДІҢ АУДАННАН ОЙЫЛ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН «АНАЛАР КЕҢЕСІ» МҮШЕЛЕРІ ҚАТЫСЫП, ҰЛТТЫҚ АСЫМЫЗДЫҢ ДӘРІПТЕЛУІНЕ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСТЫ. ОЙЫЛДЫҢ БРЕНДІНЕ АЙНАЛҒАН ТАРЫДАН ӨНДІРІЛГЕН 12 ӨНІМ АПАРДЫ. СОНДАЙ-АҚ, КЕЛІ-КЕЛСАППЕН ТАРЫ ТҮЙІП, ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМНІҢ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАТЫНЫН ТҮСІНДІРДІ. ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ «МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ» НОМИНАЦИЯСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ.