ӘкімдікБасты тақырып
Сарбие мен Қараойда жылдағы «жыр» — жол мәселесі!
Өткен аптада Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев Сарбие, Қараой ауылдық округтері әкімдерінің есептерін тыңдап, тұрғындардың алдында өз есебін берді.
Толығырақ тарқатсақ, Сарбиеде былтыр ауыл әкімінің алға қойылған міндеттері толықтай жүзеге асып отыр. Округ көшелері жарықтандырылып, 4 көшеге асфальт төселген. Сондай-ақ жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Оған қоса қоқыс жәшіктері орнатылып, тазалыққа баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының көңіл күйлері көтеріңкі. Малмен берекесі тасыған ауылда жаңашылдық, болашаққа деген ұмтылыс байқалады. Есептік кездесу жиынында округ әкімі Дәурен Бисебаевтың іскерлігін ауыл тұрғындары кезекпен кезек айтып, ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, ауыл балаларына сырғанақтар жасап, Сарбие жастары спорт залына жылу жүргізіп беруге ұсыныс жасады. Шалғай ауылдағы халықтың ұсыныс-тілегіне бей-жай қарамаған округ әкімі биылша ауылдағы балалардың мектептің жанындағы хоккей-кортына келіп ойнауға болатынын жеткізіп, жастар спорт залының жылу жүйесі ретке келтірілетінін атап өтті. Тек басты мәселе — қысқы қатынас, яғни жолдың қиындығы. Одан басқа Сарбие ауылдық округі соңғы екі жылда әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге қол жеткізді.
Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері сол күні түстен кейін Қараой ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да алдымен округ әкімі Айбек Сұлтанов округ көлемінде атқарылған жұмыстарды тарқатты. Қараойда бірсыпыра жұмыстар атқарылған. Оның айшықты көрінісі — ауылдық округтің 3 көшесі асфальтталып отыр. Бұрын-соңды асфальт көрмеген ауыл көшелерінде көктем айларында көлік құралын жүргізу жақсарды деген сөз. Бұл дегенің — бір сөзбен айтқанда, ауыл адамдарына мемлекет тарапынан қамқорлық бәсеңдемейді деген сөз. Әрі қарай жалғасақ, «Жиенбек» шаруа қожалығының төрағасы Сансызбай Жұмабев жеке тұрғындардың малын бағып беруді ұйымдастырып отырғандықтан, жер көлемін ұлғайтып беруге ұсыныс айтса, осы секілді бірнеше шаруашылықтар жерге қатысты жеке сауалдарын да жиын үстінде қойды. Жерге қатысты сауалдарға жергілік билік өкілдері тарапынан алдағы уақытта зерттеліп, зерделеніп, заңды тұрғыда шешімін табатындығы айтылды. Қараойлықтардың атынан түскен толғақты мәселе газ боллонды 80 теңгеден жасаған. Соның себебін аудан басшысынан тікелей түсіндіріп беруін сұрады. Келесі ретте ауыл ақсақалы Амангелді Темірмұқанов қыстағы қатынастың қиындығын айта отырып, ауылға дәріхана (аптека) ашып берсе деген тілегін жеткізді.
Әр сала бойынша Сарбие, Қараой ауылдық округтеріне қатысты мәселелерге мән берген аудан басшысы өз баяндамасында аудан бойынша атқарылған межелі істерге тоқталып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, ауылдық округ әкімдеріне тиісті мекеме басшыларымен бірлесе отырып, көтерілген өзекті бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Тұрғындардың сауалына толық жауаптар берілген соң, аудан басшысы азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Сарбие-Қараой-Ойыл.