ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ТӨРАҒА БАСТАҒАН ТОП ОЙЫЛДЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Өткен апта Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен бірқатар облыстық мәслихат депутаттары жұмыс сапарымен Ойыл ауданында келді. Төраға бастаған топ Ойыл ауданының 7 ауылдық округі мен оларға қарасты Көсембай, Шиқұдық елді мекендерінде болып, ондағы әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Сайлаушылармен кездесулер өткізіп, мәселелерімен қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.
Сонымен қатар Ойыл ауылдық округіне қарасты Ақшатау, Қаракемер ауылдарының жолын, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді елді-мекені мен Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал елді-мекені бағытындағы бөгеттердің жай-күйін қарады. Аудан орталығында Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған “Мамандығым — мақтанышым” атты байқауының куәсі болып, арнайы құттықтап, “AMANAT” партиясы Ойыл аудандық филиалында партия мүшелерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ, ауданның дамуына үлес қосқан, әр салада абыройлы қызмет атқарған еңбек ардагерлерін Алғыс айту күнімен құттықтап барды. Төраға бастаған топ сайлаушылардан түскен проблемалық мәселелерді атқарушы билікпен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді. Қысқаша тоқтала өтсек, Кемер ауылы бойынша ауыл ақсақалдары тарапынан ауылға газ кіргізу және бөгеттерді қалпына келтіру мәселелері айтылды. Шиқұдық елді- мекенінің тұрғындары ауыл мен екі ортадағы жол, орталықтандырылған ауыз су, мектеп салу мәселелерін көтерді. Ақжар ауылы Бағдат Әбиев ауылдың мұң-мұқтажы газ мәселесі екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мектепті күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтты. Қаратал ауылы бойынша ауылдың белді кәсіпкері, аудандық мәслихат депутаты Назгүл Ешпанованың кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмысына сәттілік тіледі. Ауыл тұрғындары халық игілігі үшін облыстық мәслихат депутаты, меценат Талғат Маратұлы Салфиковтың демеушілігімен салынған бөгетке ризашылықтарын жеткізді. Қараой ауылы бойынша ауыл тұрғындары атынан Ойыл мен екі ортадағы жол мәселесі көтерілді. Сарбие ауылы бойынша да ауыл тұрғындары Ойыл мен екі ортадағы жол және орталықтандырылған ауыз су құбырына күрделі жөндеу меселелерін көтерді. Көптоғай ауылы бойынша аудандық мәслихат депутаты Тілекбай Әміров Ойыл мен Көптоғай, елді-мекендер арасындағы жол мәселелерін көтерді. Іс-сапар барысында ауыл ақсақалдары, ауданның дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері Жақсылық Бисалиевтің, Өтеген Сағатовтың отбасыларын Алғыс айту күнімен құттықтап барды. Ойыл ауданының психологиялық-педагогикалық түзетім кабинетінің жұмысымен танысып, балаларға арналған массаж кереуетін сыйға тартты.
Сапарының соңында аудан орталығында Қазақстан Республикасының мәслихаттарының 30 жылдығына орай “Мамандығым — мақтанышым” атты байқау мен жастардың жеткен жетістіктерінен арнайы ұйымдастырылған көрмемен танысты. “Amanat” партиясы Ойыл аудандық филиалында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөнінде фракция отырысына қатысып, қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауда болғандар Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жөндеуді қажет ететіндігі, Екпетал ауылына мектеп салу, жастардың маусымдық «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушылардың санын көбейту мәселелерін көтерді.