Басты тақырыпРухани жаңғыруЭкономика

ОЙЫЛДЫҢ ОРМАНЫНА 25 ҚЫРҒАУЫЛ ЖІБЕРІЛДІ

Біздің өңірде орманды алқаптарды көбейту, көгалдандырып, айналамызды аббаттандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Алайда жасыл белдеулі аймақтарға аң-құстарды жіберу жұмыстары кенже қалған. Жан-жануарларды айтпағанда, климаты қатал өңірде орман құсын өсіру оңайға соқпайды. Әйтсе де қырғауыл құсын өсіру біздің аймаққа өте қолайлы келеді-мыс. Негізінен бұл құстар шөбі шүйгін, сулы өңірлерге жіберіледі. Бұл құстың бейімделуіне де, табиғатқа да пайдалы. Өйткені бұл құстарды «дала санитары» деп атайды. Олар құрт-құмырсқа, зиянкестермен қоректенеді.

Осы орайда Ойылдың орманына 25 қырғауыл жіберілді. Бұл игі іске аудан тұрғындары Өркен Қожағалиев пен Талғат Рысқалиев ұйытқы болды. Қырғауылды әуесқой өсіруші азаматтар мұндай істі ұзақ жылдардан қолға алуды жоспарлап келген. Биыл оның сәті түсіп қырғауылдарды жеке қаражат есебінен Жамбыл облысынан арнайы алдырды. Олар отырықшы құстың біздің аймақтың климатына үйренісіп кететінін адын-ала зерттеген. Егер қырғауылдар қыстан аман шығып жерсініп кетсе, алдағы уақытта бұл істі одан әрі дамытып, ауданымыздың жасыл белдеулі аймақтарына жіберуді көздеп отыр. Қызыл кітапқа енген құсты қадағалауды да өз міндеттеріне алып отыр. Қазіргі таңда үйлеріне осы қырғауылдың жұмыртқасын басып шығаратын инкубатор аппараттарын алып қойған. Өйткені екеуі де қора-жайларына бірнеше қырғауылды асырап, бағып отыр. Жұмыртқалаған кезде инкубаторға салып, қырғауылдардың санын көбейтуді көздейді. Біз олармен арнайы тілдесу барысында Өркен Қожағалиев:
«Біз қырғауылдарымызды Ш.Берсиев ауылдық округі бағытындағы Мақтаөткел маңына жібердік. Бұл жер олардың көбейіп, қоректенуіне де өте қолайлы. Біріншіден Барқын құмындағы қылқан жапырақты орман олардың еркін, әрі қауіпсіз жайылуына қолайлы болса, өзенде ол жерден қашық емес. Қазіргі таңда оларды дала жыртқыштарынан бөлек адамдардан келетін қауіптен қорғау шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Қырғауылдарымыздың 5-і бір жылдық мекиені, 15-і балапандары. 5-і қоразы. Осы орайда әуесқой аңшыларға құлаққағыс қылғым келеді. Қырғауылдарды бәріміз бірлесіп қорғайық. Қорыққа сұранып тұрған орманымызға аң-құс жіберудің алғашқы қадамын өзімізден бастайық. Өйткені біз табиғаттан алып жатырмыз, табиғатқа беруде керекпіз», — дейді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар