ӘлеуметБасты тақырып
Ойылдың тарихы дәуірдің тынысын терген кітаппен толықты
Тағылымды тарихты еске алып отыру, ұлықтау – өсер елдің белгісі. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады» деген сөзі бар. Елбасы өз сөзінде айтқандай, «мемлекет пен ұлт қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза секілді». Сондықтан өзіміздің ұлттық-мәдени құндылықтарымызды заман ағымына сәйкес бейімдеу қажет. Өркениетке ұмтылу, өзге елдің озық тәжірибесін, жақсы жақтарын ала білу – бүгінгі күннің басты талабы. XXI ғасырда өркениетті жақсы нәрсенің барлығын сіңіру арқылы озық ұлт боламыз.
Осы орайда «Ойыл. Истории в архивных документах» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі бүгін Ақтөбе қаласында өтті. Тарихты термелеген кітаптың тұсаукесеріне Ойыл ауданынан түлеген, Ақтөбе қаласында тұратын ойылдықтар мен әр жылдары ауданды басқарған азаматтар және ауданның бірқатар мекеме басшылары, еңбек ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында өткен тұсаукесерге облысқа белгілі азаматтар мен интеллигенция өкілдері, Ойыл ауданының Құрметті азаматтары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары, музей және кітапхана қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері куә болды.
Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімі Асқар Қазыбаев киелі өлкенің тарихын түгендеуге сүбелі үлес болып отырған кітап туралы өз лебізін былай өрбітті: «Мұндай танымдық кітаптың жарық көруіне ұйытқы болған Ойыл ынталы тобының мүшесі Нұрлан Жұмағалиевты және тың деректерді жинастыруға ерекше атсалысқан жерлесіміз бүгінде Ресей федерациясы Москва қаласының тұрғыны Олег Ярошенкоға алғысымды білдіре отырып, есімдерін атап өткенді орынды деп есептеймін. Сондықтан бұл күннің қасиеті осындай туындылар арқылы кейінгі буынның санасында сан қырынан жаңғырып отырады».
Бүгінде мемлекеттік маңызға ие үлкен бағдарламаға айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бірқатар тарихи танымдық кітаптар жарыққа шығуы — қадірін білетін ұрпақ үшін әрқашанда қастерлі.
Жазылған кітаптың негізгі мақсаты – қалың оқырманға Ойыл жерінің байлығын, хронологиясын және халықтың табандылығы мен қайраттылығын кейінгі буынға паш ету болып табылады.
«Ойыл көздің жасы еді…» деп Асан Қайғы тебіренген өлкенің өткенін түгендеуге өзіндік үлесін қосатын бұл кітаптың бүгінгі ұрпаққа берер ұлағаты мол.
«Туған жер» деген ұғымды қастерлеген аталардың ерлігі бейбітшілік пен бірлікті ту еткен Қазақ даласының бір бөлшегі – Ойылдың қатпарлы тарихының қорына қосылып отырған туынды өзінің бұрын естімеген тың деректерімен құнды.
Ал, тарихтан сыр тартқан «Ойыл. Истории в архивных документах» атты кітаптың лентасын қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев пен Ойылдың жанашыр азаматы, өлкетанушы-жерлесіміз Олег Ярошенко қиды.
Одан кейін, кіапты құрастырушылар «Ойыл» ынталы тобының мүшесі Нұрлан Жұмағалиев пен өлкетанушы-жерлесіміз Олег Ярошенко қысқаша шолу жасады. Ал, ардагер журналист Идош Асқар, ардагер-ұстаз Римма Ихсанова, еңбек ардагері Еркін Құрманбеков, медицина ғылымдарының докторы Б.Жакиев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүнкеев пен еңбек ардагері Ө.Әкімовтер кітап туралы лебіздерін білдірсе, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова тарихтың көмбесін оқырманға ұсынған азаматтарға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің алғыс хатын тапсырып, Олег Ярошенконың иығына шапан жапты.
Салиқалы кездесудің соңында сөз аудан әкімі Асқар Қазыбаев кітапты құрастырған азаматтарға Ойылдың тарихын жаңғыртуға қосқан үлестері үшін аудан халқының атынан ризашылығын білдірді.