ӘлеуметБасты тақырыпСұхбат

Мемлекеттің қолдауы –

мерейлі істердің бастауы

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне жедел ден қою барлық мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтарының бірі. Ел экономикасының өркендеуі мен қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету бағытында, сондай-ақ тұрғындардың әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ырғызбай Қосдәулетовпен сұхбаттастық.
-Ырғызбай Төлеуұлы, күре жолдан қашық болмаса да, бүйірде жатқан ауылдың бұйымтайы көп. Тұрғындардың әртүрлі кездесулерде көтеріп жүрген мәселелері қалай шешіліп жатыр?
-Мемлекет басшысы тарапынан алдымызға қойған жаңа міндеттер мен талаптарды орындау негізінде және ауыл тұрғындарының кездесулер кезіндегі ұсыныстары мен сын ескертпелерін қанағаттандыру мақсатында кешенді жоспар жасалды. Әрине, аудан әкімінің және ауылдық округ әкімінің есеп беру кездесулерінде тұрғындармен әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар әртүрлі мәселелер көтеріліп, олар бақылауға алынып, өз шешімін тауып жатыр. Біздің округтің басты мәселесі – жылдың кез-келген уақытында қиындық тудырып отырған жол қатынасы. Биылғы басты жаңалық — Ақжар-Кемер көтерме жолын жөндеу басталды. Ауылды жарықтандыру мәселесі де шешімін тапты. Округке қарасты екі ауылда да орталықтандырылған ауыз су құбыры әр үйге кіріп тұр. Интернет желісі бар.
-Ауылдың дамуы демографиялық динамикасына байланысты. Мемлекеттік бағдарламаларда негізінен халқы тұрақты, көрсеткіші жоғары ауылдарға бағытталады. Сондықтан, ауылдың бүгінгі тынысы қандай?
-Қайыңды ауылдық округіндегі Ақжар, Көсембай ауылдарында жалпы халық саны 2022 жылдың бірінші жарты жылдығына 1214 адам, 2021 жылмен салыстырғанда халық саны 5 адамға өскен. Биыл 9 сәби дүниеге келді. Округте барлығы 199 үй бар, онда 218 отбасы тұрады. Ауыл төңірегінен 37711 гектар жер селолық округ әкімдігіне бекітіліп берілген. Бұл округ тұрғындарына мал басын өсіруіне, қыстық мал азығын дайындауға, бау-бақша егуге толық мүмкіндік береді. Қазіргі таңда округте барлығы 1 ЖШС, 3 АӨК, 39 шаруа қожалығы және 30 жеке кәсіпкерлік субъектілері бар. Биылғы жылы 2 жеке кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын жаңадан бастады. Ауылдық окург бойынша 3932 бас мүйізді ірі қара, 11884 бас қой-ешкі, 616 бас жылқы тіркелген. Округте 4 мал дәрігері қызмет жасайды. Олар жоспарға сай мал ауруларына қарсы екпе жұмыстарын жүргізіп отыр. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің және мал дәрігерлерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында профилактикалық іс-шаралар жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілді. Малдарды жұқпалы ауруларға тексеру үшін қан алу, қарсы егі жұмыстары уақытында жүргізілуде. Дегенмен тұрғындардың сойылған, сатылған малдарын ИСЖ базасынан есептен өздігінен шығаруы баяу. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Округте 1 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік пункт және 1 автокөлік бар. 6 маман жұмыс жасайды. Округте сарып, туберкулезбен ауырғандар тіркелмеген. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге дәрілер алынып қойылады. Бір қынжылтарлық жағдай жедел жәрдем көлігі ескірген. Жиын сайын осы мәселе айтылып келеді. Кей кездері дәрігерлер науқастарды аудан орталығына жеке көліктермен апарады.
-Мемлекет тарапынан шаруашылықтарға жасалып жатқан мүмкіндіктер көп. Шаруашылықтардың атаулы бағдарламалар арқылы еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылысы қалай?
— Мемлекеттен берілетін көмектің арқасында биылғы жылы «Ақпағамбет» шаруа қожалығы жаңа трактор және шөп шабатын құрылғы алды. «Бекжан» шаруа қожалығы жаңа тракторды, «Құттығай» шаруа қожалығы шөп баулағыш алды.
2022 жылдың II тоқсанына «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша округ бойынша аз қамтылған, көп балалы отбасының 19 мүшесі қоғамдық жұмысқа тартылса, 2 жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек етті. Округ бойынша 12 отбасының 66 мүшесіне 1 261 255 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда, шаруа қожалықтарының жұмыс күшіне үнемі мұқтаж болып отыратындығына назар аудара кеткім келеді. Сонымен бірге округте қоғамдық табынды бағуға малшы шықпайды.
-Ауылдың ажары азаматына сын. Бұл бағытта да мемлекеттен қолдау көп. Арнаулы бағдарламалар бар…
-«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатқа Ақжар ауылындағы орталық көшелерге қатты жамылғы төсеу үшін жобалық-сметалық құжаты жасақталды. Амандық болса, алдағы жылы Ақжардың көшелеріне асфальт жамылғысы төселеді. Өзіміздің кешенді жоспарымызға сәйкес, былтыр жасанды шағын футбол алаңы биыл балалардың ойын алаңы, хоккей корты жасақталды. Ал, 1985 жылы туған мектеп түлектері өздерінің 20 жылдық кездесулерінен естелік ретінде воркоут салып берді. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызып, спортпен тұрақты шұғылдануына жол ашады.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан С.ҚОЙБАҒАРОВ.
МАҚАЛАЛАР ТОПТАМАСЫ
ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМДІГІМЕН БІРЛЕСЕ ДАЙЫНДАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар