Мәдениет
Туған жерге әнімен тағзым етті
«Туған жерге тағзым» акциясына әркім өз халінше үлес қосуға тырысуда. Мәдениет сапында жүрген жандар, туған жеріндегі халыққа барып, рухани дем беру ежелден келе жатқан игі дәстүріміз. Осы орайда ауданымызға белгілі, ҚР мәдениет қызметкері Амангелді Жұманов ағамыз, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысына ұсыныс айтып, аудан басында тұратын бір топ жетікөлдік жастар, туған жерге концерттік бағдарламамен барып қайтты.
Амангелді Рамазанұлы – Алланың берген талантының арқасында, бала жасынан әншілікті жанына серік еткен дара орындаушы, тума талант.
Әншінің репертуарында батыс өңіріндегі өткен ғасырдағы ұлттық өнеріміздің айшықты тұлғалары Ғарифолла Құрманғалиев, Мұхит Мералыұлы сияқты әнші-сазгерлердің шығармалары молынан кезігеді. Ағамыздың өнер жолындағы ең бір естен кетпейтін шағы — бүгінгі ұрпаққа аты аңыз Ғарифолла Құрманғалиевтің Ойылға 1968 жылы келген сапарында, алдын көріп дидарласуы мәңгі ұмытылмас естелік болып қалғаны. Ағай сол сәтті ерекше толғаныста еске алады. Аты әйгілі адамның алдында домбырамен ән салғаны, әнін тыңдаған соң «менімен Алматыға жүр » деп қолқа салуы, Әкенің жалғыз тұяғы болғандықтан елде қалып қойғаны туралы әңгіме, өз алдына бір сырдың ұшын шығарады.
Жетікөл жер і- ағамыздың ата-бабаларының кіндік қаны тамған жері екен. Осы жердің халқына әнмен сәлем етіп, тағзым жасау 73- ке келген өнер ардагеріне қалай болады екен деген ішкі ойдың қылаң бергені жасырын емес еді. Бірақ, әнші шаршы топқа түскенде, сол баяғы бұдан жиырма жыл бұрынғы сахнадағы сәт көз алдымызға келе қалды. Көкке ұмтылған сұңқардың үніндей шарықтай түскен дауыстан, халық бір сәт демін ішке тарта құлақ түре қалды. Тыңдаушысын бірден елітіп әкететін, бірінен соң бірі жағалауға асыққан толқындай, бір демде орындаушының асқақ үнімен көрерменді баурап алды. Осы ән кешінің шашбауын көтеруге үлестерін қосқан — Боранбай мен Гүлмира Ешпановтың, А.Асанғалиевтің, М.Жұманғалиева мен жас биші З.Исағалиевалардың өнеріне көрермен риза болысты.
Кеш соңында осы ауылдың азаматы Б.Жантолы, ауыл тұрғыны бұрынғы мәдениет қызметкері З.Бозшиева кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірсе, осы бағдарламаны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ш.Жоламанова биылғы «Бақытты бала» жылымен көпшілікті құттықтап, ауыл тұрғындары мүмкіндігі шектеулі Ғ.Қалыбекұлы мен Н.Маратұлына демеушілік жасап, сыйлық табыстады. Ауыл әкімі С.Займолдин кеш иесі А.Рамазанұлына қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрметін көрсетті.
Г.ҚАПЛИЕВА,
мәдениет қызметкері.