БілімМәдениетРухани жаңғыруСұхбат

ТІЛ-ҒҰМЫР

Рәбиға СЫЗДЫҚ-100
Биыл қазақ руханиятында айрықша орны бар аса көрнекті ғалым, академик Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 толады.
Рәбиға Сәтіғалиқызы — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, ІІІ және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Turk Dil Kyrymy мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл тарихынан қазіргі қазақ әдеби тіліне дейін тілдің жан-жақты лингвистикалық сипаттамасын жасаған аса көрнекті ғалым еді.
Рәбиға Сыздық (Құтқожина) 1924 жылы 17 тамызда Ойыл селосында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин Қаратөбедегі алты кластық орыс мектебін бітіргеннен кейін білімді маман ретінде танылып, Ақтөбе қаласында, Ойыл, Байғанин, Арал, Темір аудандарында, негізінен аудандық байланыс бөлімінің бастығы лауазымды қызметін атқарады, бірақ 1937 жылы талай ел ардақтыларының қатарында ұсталып, хабарсыз кетеді.
«Халық жауының ұрпағы» ретінде көрген қиындықтарға, бастан кешкен ауыртпалықтарға да қарамастан, әкеден қалған төрт бала — Шафқат, Хамит, Рәбиға, Роза аналарына сүйеу, бір-біріне қамқор бола жүріп, тіршілік үшін қара жұмыс істеп, бірін-бірі жетектеп, білімге ұмтылады.
Өмірден ерте кеткен үлкен ағасы Шафқат Мәскеуден жоғары білім алған, металлургия ғылымының білгір маманы атанған адам екен. Ал тетелес ағасы Хамит Отан соғысында иықтан төмен қарай оң қолын беріп, елге аман оралғаннан кейін оқу-ағарту саласында жоғары қызмет атқарған, аса білімді педагог, ел сыйлаған зиялы азамат еді. Рәбиға апай Хамит ағасын айрықша үлгі етті. «Ғылым докторы, ғалым, академик дегеннен гөрі мен үшін «Хамиттің қарындасы» деген атақ бәрінен артық» дейтін…
Рәбиға апай 8 класты бітіргеннен соң Темірдегі педучилищеге оқуға түседі. Бұл 1940 жыл еді. Отбасына қарайласу үшін жас Рәбиға оқуын тоқтата тұрып, педучилищенің ІІ курсынан бастап, 16 жасында Алға бекетіндегі бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады.
Қазақ тіл ғылымының бірегей ерен тұлғасының еңбек жолы осылайша басталған еді.
Жасы ұлғайған кезде «Сол Алға, Темір жағын бір аралап қайтсам, сонда алдымда болған шәкірттерімді көрсем» дегенді ерекше бір аңсаумен, сағынышпен жиі айтушы еді.
Алғашқы шуақты сезімін арнаған сүйікті жары — қазақтың тұңғыш дипломаттарының бірі Мақаш Сыздықов жастай бақи дүниеге аттанғанда, екі-үш жасар ұлы Әсетпен қалған жас ананың алдында өмір тосқауылдары да аз болмады. Кейінірек қазақтың қасиетті адалбақаны басқа шаңырақты биікке көтереді, өзімен тағдырлас атақты өнер иесі — Шахан Мусинмен бас қосқан Рәбиға апай қазақ әйеліне тән болмыстың алуан қырын баршаға танытты. Ұзақ жылдар бойы әдемі сыйластықтың, отбасы үйлесімін сақтаудың үлгісін көрсетті. Сондықтан да болар, апайдың ақ дастарқанының басында зиялы қауым, замандастар мен жастар бас қосқанда, ақын Шахан аға жыр жолдарымен әр сөзінен жылы лебіз есіп, Рәбиға апайға қарап тұрып айтып беретін. Ұлы Әсет пен қызы Мақпалдың алыс-жақын шетелдерден жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Әсет мезгілсіз көз жұмғанда да қара нардай қайыспады.
Сонау 1940 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықтағы ғұмырбаяны, кім-кімді де толғанысқа түсіретін өмір тарихы апайдың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген кітабында толық жазылған.
«Халық жауының қызы» деген көзтүрткі атақ соңынан қалмай қойса да, Рәбиға апай мектепте, одан әрі педучилищеде мұғалім болып жұмыс істей жүріп, жоғары білімге ұмтылған арманынан үміт үзбейді. Қарсы соққан дауылға мойымай, алдымен Ақтөбедегі оқытушылар институтына оқуға түседі. Алғыр студент ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған, Алматыда өтетін алқалы жиынға шақырылады. Осы басқосуда ол мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сыни пікір айтады, тіпті залда отырған оқулық авторларының өздері жастың сөзін ден қойып тыңдайды. Өзі батыл, сөзі нық, турашыл мінезді, ойы терең жастың өзгеден өзгеше екендігін аңғарған ҚазПИ-дің сол кездегі жетекші ғалымдары Рәбиғаны Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының ІІІ курсына қабылдайды. Осы оқу орнында білімін аспирантурада жалғастырады. Алайда «ұлтшылдық» дегеннің салқыны басыла қоймаған болатын, сондықтан қолында үздік дипломы болса да, әке есіміндегі «қара дақ» талай рет алдынан шығып, Рәбиға мамандығына сай жұмыс таба алмайды, кандидаттық диссертациясын қорғауына да тосқауыл қойылады.
Рәбиға апайдың тіл-ғұмырында ұстаздарының орны ерекше. Қай еңбегінде де болмасын, ол өзін алдымен зерттеуші ретінде ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлының және қазақ тіл ғылымының теориялық негіздерін қалаған профессор Құдайберген Жұбановтың идеяларын берік ұстанды.
Ақтөбедегі оқу орнынан келіп, сөзімен жарқ етіп көзге түскен балаң студентке батыл шешіммен бірден жоғары курстың дәрісханасынан орын алып берген профессор Ахмеди Ысқақовтың есіміне зор ықыласты еді. Абайдың тілін, сөз өрнегін талдауға тәуекел еткенде, заңғар Мұхтар Әуезовтің «Абайдың сөзін зерттеп көрші» деген тілегі өзін ғалым деңгейіне көтергенін айрықша мақтанышпен айтатын.
Академик Ісмет Кеңесбаевтың «Қадырғали Жалайырдың тілін, жазба ескерткіштердің тілін қарастыру сенің ғана қолыңнан келеді» деген ұсынысынан соң мұрағаттарды ақтарып, талмай ізденудің нәтижесінде жарық көрген тіл тарихы туралы құнды еңбектері қазір күллі түркі жұртшылығының рухани-мәдени мұрасына айналды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қазақ тілінің өзге тілдің жүйесіне икемделіп әрі қолданыс өрісінің тарылып бара жатқанына қазақ зиялы қауымының алаңдаушылығын байқаған академик Мәулен Балақаевтың «Тіл мәдениеті бөлімінің тізгінін Рәбиғаға беру керек» деген шешімінен соң осы бөлімді басқара жүріп қазақтың сөз мәдениеті, сөз сазы, көркем шығарманың, мерзімді баспасөздің тілі, сахна тілі, емле жөніндегі күрделі мәселелерді талдап берген көп қырлы зерттеулерінің мәні мен мазмұны бүгінге дейін өзекті.
Тіл білімі институтының табалдырығын аттаған жас мамандар оның маңайына үйіріле түсетін. Ғалым өзі ұстанған ғылыми бағыттардың негізгі түйіндерін айтып, әлі де қарастыратын, толықтыратын тұстардың бар екендігіне назар аудартатын. Осылайша апайдың ғылыми мектебі қалыптасты. Ұстаздың ғылыми көзқарастарын, идеяларын жалғастырып әкеткен шәкірттерін ілтипатпен атаған жөн болар.
Бүгінде профессорлар Нұргелді Уәли, Бердібай Шалабай, Қалбике Есенова, Гүлғайша Сағидолда, Гүлнар Мұратова, Бибайша Нұрдәулетова, Орынай Жұбай, Айман Қобыланова, Күләш Еңсебаева сынды тілші-ғалымдар ұстаз идеяларын әр салада табысты жалғастырып келеді.
Апай спорт ойындарын қарауды жақсы көретін, әсіресе әлемдік Олимпиада басталған кезде әдейі еңбек демалысына шығып, су және шаңғы спортына қатысты хабарларды көру үшін бар шаруасын ысырып қойып дайындалатын. Спортшылардың біріне жанкүйер де емес. Олардың есімдерін де біле бермейді. Бірақ қилы-қилы жерлермен зор шапшаңдықпен келе жатып, 70-90 метрдей биіктіктен секіретін, найзадай тік асудан өтіп бара жатып, нысанаға мылтығын дөп көздейтін спортшылардың қайратынан өз бойындағы қиындыққа қарсы тұратын қарым-қабілетті саралап, салыстыратындай көрінетін.
Ұстаздың әр сөзі, тіпті жаны сүйетін әр ісі де шәкірттерінің бойына дарыды.
Мұғалімдіктен қасиетті қара шаңырақ — қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы қызметіне дейінгі Рәбиға Сәтіғалиқызының алпыс жылдан астам ғылым-ғұмыры жайында бір қайырып, бір демде ықшамдап айтып шығу оңайға соқпайды.
Осы екі арада замана бұрқасыны басыла қоймағандықтан, мектептер мен баспаларда қызмет атқарған жылдары тағы бар. Институтта жай қызметкерден ел мақтанына айналған тілші-ғалым, даңғайыр академик, ел мүддесін қорғаған қоғам қайраткері дәрежесіне дейін өскен апайдың ғылыми мұрасы қазір көптомдық іргелі зерттеулері мен мақалаларын қоса есептегенде 600-ден астам еңбекті қамтиды.
Ұстаздың ғылыми бағыттары сан салалы, ол тіл тарихының қалың қабаттарынан бастап қазақ тілінің қазіргі қолданысына дейінгі проблемаларды түбегейлі және өзара сабақтастықта зерттеп, тілді таныту арқылы елге қызмет етті.
«Ұрпаққа керегі — тіл» позициясын берік ұстанған ғалымның қазақ тілін өркендетуге арналған күллі еңбегінің негізгі тіні — қазақ сөзі. Қазақ сөзінің тарихы мен түп-төркінін, сөз астары мен сөз реңкін, сөз сазы мен шаршытоп алдындағы сөзсаптамды бір-бірімен сабақтастыра толғады. Апай мұрасындағы ұлы Абайдың сөз өрнегіне арналған еңбек — аса құнды дүние. Ғалым бүгінгі ұрпақ үшін мағынасы бейтаныс сөздерді сөйлетті. Батырлар жыры, лиро-эпостарда, ауызша тараған ғақлияларда бар сөздердің мағыналық қыр-сырын аршып берді. Өйткені ғалым өзінің ғылым-ғұмырында тіл — халықтың тарихының, ұлттық ерекшеліктердің айнасы, бабадан келе жатқан мұра, ал сөз — тілдің өміршеңдігін сақтап қалудың өзегі деп танып, осыны жаңа замандағы тілдер тайталасына араласқан бүгінгі ұрпақтың көкірегіне сәуле етіп шашуды мақсат етті.
Дулат пен Абайдан, Шернияз бен Махамбеттен бастап Фаризаға дейінгі ақындардың, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтен бастап, Әбіш Кекілбаев пен Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев аралығындағы қазақ прозашыларының туындыларындағы сөз құнарын сараптады, әр адамның түпсанасын селт еткізетін эмоцияға, сезімін қуаттандыратын күшке толы қазақ сөзінің құдіретін насихаттады.
Академик Рәбиға Сыздықтың сонау 1957 жылдан кейінге дейін қаламының ұшынан түспеген мәселе — қазақ жазуы болатын. Қазіргі қолданыстағы емле ережелерін өз қолымен жасады, тілдің дамуына қарай сөздің жазылуы мен айтылуында жүріп жататын өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, қай сөздің қалай жазылатыны жинақталған Емле анықтағышын жазды, емле сөздіктерінің бірнеше басылымына басшылық жасады.Тоқсан алты жасқа таянғанға дейін жанарының нұры әбден әлсіресе де, сөзді дұрыс жұмсау мен орынды, көркем жұмсаудың маңыздылығы жөнінде мақалалар жариялады. Бүгінгі күні әрі жатық, әрі әсерлі сөйлеу мен дұрыс жазуда қалың жұртшылықтың сауаты жоғары десек, осының негізінде академик Рәбиға Сыздықтың емле мен тілдік нормаларды реттеп, бір ізге түсіріп, ғылыми жақтарынан негіздеп берген ауқымды еңбектерінің ықпалы зор.
Ақиық ақын Қасым Аманжолов елуінші жылдардың орта тұсында етене танысқаннан кейін Рәбиға апайға «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды…» деп басталатын өлең жолдарын арнаған екен. Бұл өлең апайдың бар болмысын ашқан баға сынды, қанатты сөз ретінде халық арасына кең тарап кетті.
Ғалымның жазғанын оқып, сөзін тыңдаған зиялы қауым да, оқырман да Рәбиға апайды ғалым ретінде, қазақ ұлтының біртуар өкілі ретінде ардақ тұтып, айрықша бағалады.
1959 жылы Мұхтар Әуезов алқалы бір басқосуда оның сөзін тыңдап, «Рәбиға Сыздықова кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деген жазба қалдырыпты. Ғ.Мүсірепов «тіл мәселесіне күйіп-жанып араласып келе жатқан нағыз ғалым адам Рәбиға Сыздықова» деген болатын. Әбу Сәрсенбаев «Сенде ғажайып жан сұлулығы бар», Кәкімбек Салықов «Ұлттық тіл әлемін шарлаған, Рәбиға – ғарышкер деп қалам», Әбіш Кекілбаев «Ұлттық руханиятымыздың ең биік шынарларының бірі», Мұзафар Әлімбаев «Өзі – бір институттың сыбағасы, Өзі – бір кітапхана, терең білім!» деп Рәбиға апайға сан түрлі баға берді.
Замандастары мен кейінгі буын жастардың зор құрметі қарасөзбен, өлеңсөзбен жыр болып төгіліп, баспасөзде талай рет жарияланды.
Қазақ тілін насихаттау, тілдің сөз мұхитына ұрпақты терең бойлатуды мақсат етіп, ұлтқа зор еңбек сіңірген, руханияттағы ғажайып бірегей тұлға, ардақты ұстаз, академик Рәбиға Сәтіғалиқызы 2020 жылы жазда дүниеден өтті.
Оның тіл-ғұмыры ұлт руханиятының көкжиегінде жарық жұлдыз болып шырағын жағып тұра берері анық.
Айман АЛДАШЕВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар