Мәдениет
«Ана – тіршіліктің тірегі»
Жуырда дәл осы тақырыпта Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінде кәсіпкер аналар мен ару қыздарымызға арналған мерекелік шара өтті. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Сондықтан айтулы ұжымның ұйытқы болуымен аналардың құрметіне мерекелік дастархан жайылды.
Шара кезінде алдымен өмірде кездесетін кейбір ойландырар ойлы тағдырлар туралы бейне баян аналарымыздың назарына ұсынылды. Үйдегі алтын қазық – ана болғандықтан біз үшін жанұшыра шырылдайтын да солар. Одан асқан құдірет жоқ екені де даусыз. Сондықтан мерекелік дастархан басында қызықты мерекелік сәттілік ойын ойнатылды. Халық әндері мен Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев сынды өнердегі орыны ерекше ағаларымыздың аналарға арналған туындыларынан яғни, аналарымыз әйелдер қауымына, арулар мен сұлу бойжеткендердің атымен аталған әндерді еске түсірді. Мерекелік ойындар әрі қарай «Салт дәстүр» бойынша жалғасты. Нақты, әрі ұтымды жауап берген қыз-келіншектерге арнайы сый-сыяпаттар табысталды. Сонымен бірге аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлайым Аманжолқызы әзіл аралас өлең жолдарын тарту етсе, әрі қарай ақ дастархан басында еркін жайғасқан аналарымыз караокемен ән шырқады. Мерекелік шара соңында Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева барша шараға қатысқан кәсіпкер аналар мен ару қыздарымызға шексіз алғысын білдіріп, көктемнің жайма шуағындай құлпырып жүре беріңіздер деген ақ тілегін жеткізді.
М.ҚҰБАЕВ,
Ойыл селосы.